Жаңалықтар

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары өмірден өтті

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары өмірден өтті

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Рақымбек Әміржанов қайтыс болды. Қаралы хабарды Түпқараған ауданының әкімдігі мәлімдеп, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Рақымбек Әміржанов Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан. Ол саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке, ел игілігіне және туған өлкесінің өркендеуіне арнаған.

Рақымбек Маршалұлы Әміржанов 1964 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген.

2013 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымда өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы, инвестиция тарту және экономиканың нақты секторын өркендету мәселелеріне жетекшілік етті.

Бұған дейін ол «Ақтау теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында түрлі қызметтер атқарған. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, Солтүстік Каспий операциялық компаниясының (NCOC) Маңғыстау облысы бойынша кеңесшісі болған.

Еңбек жолында «Semurg Invest» ЖШС-де бизнесті дамыту жөніндегі менеджер, «Теңізсервис» ЖШС-де бас менеджер қызметтерін атқарды.

Облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша орындаған.

Рақымбек Әміржанов Новосібір мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар Жапонияның Саппоро қаласындағы Хоккайдо университетінде білім алған.

Марқұм Ақтау қаласында Мұз сарайын салу мәселесіне қатысты ұстанымымен де есте қалған. Ол нысанды «Ақбота» саябағының аумағына орналастыруды қолдап, бұл жерді қала тұрғындары үшін қолайлы деп есептеген. Аталған мәселе бойынша сол кездегі қала әкімдігімен пікір қайшылығы туындаған.

Түпқараған ауданының әкімдігі Рақымбек Әміржановтың кәсіби біліктілігі, іскерлік қабілеті мен адамгершілік қасиеттері әріптестері мен жерлестерінің жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз.

Барлық жаңалық