Зікірші Исматулла Мақсұмның төңірегіндегі дау кезінде оның туысы Хауа есімді әйел балалық шағында көрген зорлық-зомбылығы мен өз еркінен тыс тұрмысқа берілгені туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Хауаның айтуынша, ол Ыстамбұлда дүниеге келген. Бес жасында отбасы Исматулланың ықпалымен Ауғанстанға көшкен. Кейін Пәкістанда тұрған. Әйелдің сөзінше, отбасындағылар Исматулладан қорқып, оның айтқанына қарсы келе алмаған.
Әкесі отбасын асырау үшін шетелде жұмыс істеп, үйіне бірнеше жылда бір оралып отырған. Ал 2000 жылы қатерлі ісікке шалдығып, көп ұзамай өмірден өткен.
«Әкеме жылап, барлығын айттым. Шашымнан сипап, "Болды, қызым, сендерді алып кетемін" деген еді. Бірақ дегеніне жетпеді. Ажал алып кетті», – деп еске алды Хауа.
Әйелдің мәлімдеуінше, әкесі қайтыс болғаннан кейін оны 16 жасында Исматулланың жамағатындағы өзі танымайтын ер адамға күштеп тұрмысқа берген.
«Ол адамды жақсы көрген жоқпын, өзім таңдаған жоқпын. Менің қалауымды ешкім сұрамады. Кәмелеттік жасқа да келмеген мені 16 жасымда босаға аттатты», – деді ол.
Хауаның сөзінше, некеден кейін де қорлық тоқтамаған. Күйеуі оны ұрып-соғып, қорқытып отырған. Әйел сол кезеңде өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін де жасырмады.
Кейін ол бірінші күйеуімен ажырасып, баласымен бірге кеткен. Алайда бұрынғы ортасының қысымы жалғасқанын айтады.
«Ешкім қорғаған жоқ. Керісінше, "ішіне жын кірген" деп шығарды. Менің кінәм не? Күштеп берген адамымен өмір сүргім келмегені ме? Мен жай ғана өз өмірімді өзім сүргім келді!» – деп жазды әйел.
Хауа Исматулланың атын бұған дейін ашық айтудан қорыққанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, Исматулла туыстарына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, өзін үндемеуге мәжбүрлеген.
Әйелдің айтуынша, арада жылдар өткен соң Исматулла кешірім сұрап, өткенді ұмытуды өтінген. Алайда Хауа балалық шағы мен жоғалтқан жылдарын ешкім қайтара алмайтынын айтқан.
Сондай-ақ ол өскен ортасында қыз балалардың білім алуына, жұмыс істеуіне және өз бетінше шешім қабылдауына шектеу қойылғанын жеткізді.
«Біздің үйде "әйелге оқудың керегі жоқ", "әйел жұмыс істемеу керек", "әйел еркекке бағыну керек" деп өстік», – деді ол.
Соған қарамастан, Хауа кейін білім алып, диплом иеленген және жеке кәсібін ашқан. Қазір АҚШ-та тұратынын, екінші отбасын өз қалауымен құрғанын мәлімдеді.
«Оқуға болмайды деді – оқыдым. Жұмыс істеуге болмайды деді – жұмыс істедім. Өз бетіңмен өмір сүруге болмайды деді – өз жолымды таңдадым. Менің балалық шағымды тартып алды. Бірақ қалған өмірімді тартып ала алмады!» – деп түйіндеді Хауа.
Айта кетейік, бұл мәліметтер әйелдің жеке мәлімдемесіне негізделген. Оның Исматуллаға қатысты айтқан айыптаулары тәуелсіз расталған жоқ. Материалда екінші тараптың түсініктемесі келтірілмеген.