Павлодар облысының Ертіс ауданында мемлекеттік грантты мақсатсыз пайдаланған 14 азамат анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 18 млн теңге қайтарылды, деп жазады Ozgeris.info.
Мемлекеттік гранттар азаматтарға ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және басқа да салаларда бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Алайда тексеру барысында 14 грант алушының өз міндеттемелерін орындамағаны белгілі болды. Олардың бір бөлігі бизнес-жобаларын мүлде іске асырмаса, енді бірі тек ішінара орындаған. Сонымен қатар кейбір азаматтар бөлінген қаражатты жеке және тұтынушылық қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бұдан бөлек, грант қаражатының жұмсалуы туралы есептер де жобалардың нақты іске асырылғанын және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілгенін растамаған.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 18 млн теңге қайтарылды. Атап айтқанда, сот үш талап арызды қанағаттандырса, тағы 11 іс бойынша қаражатты қайтару туралы медиациялық келісім жасалған.