Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылым саласына бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне қатысты мәселелерді көтерді, деп жазады Ozgeris.info.
Мемлекеттік аудит 79 ғылыми жобаға бөлінген 62 млрд теңгенің шығындары алдын ала нақты есептелмегенін анықтады. Сонымен қатар жобалардың қорытындысы қабылданбаса да, орындаушыларға қаржының 96-98%-ы төленіп қойған.
Сондай-ақ 176 жоба бойынша 16 млрд теңгеге түпкілікті нәтиже алынбаған. 2025 жылғы мониторинг 2 мыңнан астам жобаны қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықтаған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер тиісті шара қабылдамаған.
Смайыловтың айтуынша, ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне жарияланымдар мен патенттер арқылы бағаланады. Бірақ олардың өндірісте қолданылуы жүйелі түрде бақыланбайды. Мәселен, тексерілген 60 патенттің ешқайсысы бойынша пайдалану келісімі жасалмаған.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру көрсеткіші де төмен. Ресми есепте 44% болғанымен, бірыңғай әдістемемен есептегенде бұл көрсеткіш 16%-ды құраған.
Аяқталған 141 жобаның тек 38-і (27%) соңғы үш жылда өнімін тұрақты сатқан. Қалған 103 жобаға бөлінген 22 млрд теңге күткен нәтижесін бермеген.