Ғылым саласына бөлінген қаражаттың жұмсалуына жүргізілген аудиттен кейін бірнеше лауазымды тұлға қызметінен кетті, деп жазады Ozgeris.info.
Олардың қатарында Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен Ғылым қорының жетекшісі бар. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтайда өткен брифингте айтты.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың мәліметінше, тексеру барысында 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Оның 37,7 млрд теңгесі аудит жүріп жатқан кезде қалпына келтірілген. Қалған соманы 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару көзделіп отыр.
Аудит қорытындысы бойынша екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылған. Тағы 32 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған. Сонымен қатар үш материал процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.
Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылыми процестерге жауапты өзге де тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданған.