Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласына бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына қатысты бірқатар кемшілікті атады, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, ғылыми жобаларды іріктеу кезінде ашықтық пен объективтілік толық қамтамасыз етілмеген, ал бөлінген қаржы әрдайым нақты нәтижеге бағытталмайды.
Атап айтқанда, 212 заңды тұлға зерттеу жүргізуге технологиялық мүмкіндігі тексерілмей аккредиттеуден өткен. 2025 жылғы ғылыми конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Сараптама материалдары ұлттық ғылыми кеңестерге де 93 жұмыс күніне дейін кешігіп жолданған.
Сондай-ақ ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыруды 12 млрд теңгеге қысқарту жөніндегі ұсыныстарды ескермеген. Мүдделер қақтығысы тәуекелі де анықталған: кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Ал 27 мүшесі сол жобалардың ғылыми жетекшісі болған.
Смайыловтың сөзінше, ғылыми жобаларды қаржыландыруда да кемшіліктер бар. Мәселен, 79 жобаға шығындар толық нақтыланбай тұрып 62 млрд теңге бөлінген. Ал жалпы құны 16 млрд теңге болатын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген.
2025 жылы екі мыңнан астам ғылыми және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобасына жүргізілген мониторинг 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтарды анықтаған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл ақпаратты назарға алумен ғана шектелген.
Ол ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне жарияланымдар, патенттер мен енгізу актілері арқылы бағаланатынын, бірақ мұндай көрсеткіштер зерттеудің нақты пайдасын әрдайым көрсете бермейтінін атап өтті. Мысалы, 72 млрд теңгені құрайтын 164 жоба бойынша патент алуға берілген 336 өтінім нәтиже ретінде есепке алынған. Алайда өтінімнің берілуі патенттің алынғанын білдірмейді. Бұдан бөлек, 18 жоба аясында алынған 56 патентті жобаларды іске асыруға қатыспаған ұйымдар иеленген.
Ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдану жағы да ақсап тұр. Аудиторлық іріктеуге енген 60 патенттің ешқайсысы бойынша оны пайдалануға лицензиялық немесе өзге келісімшарт жасалмаған. Ал 59 млрд теңге бөлінген 434 жоба бойынша ұсынылған 1 200-ден астам енгізу актісінің жартысы білім беру процесіне қатысты болған. Бұл құжаттар технологиялық немесе өндірістік нәтижеге қол жеткізілгенін растамайды.
Коммерцияландыру көрсеткіштеріне қатысты да сәйкессіздік анықталған. Ғылым қоры жобаларды коммерцияландыру деңгейін 44 пайыз деп көрсеткенімен, салыстырмалы есептеу нәтижесінде бұл көрсеткіш 16 пайыз ғана болған.
Смайылов ғылыми жобалардың тиімділігін бағалауда формалды көрсеткіштерден гөрі нақты ғылыми, технологиялық және экономикалық нәтижелерге басымдық беру қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар жобаларды іріктеу, қаржыландыру және олардың нәтижесін бақылау жүйесіндегі кемшіліктерді жою керектігін айтты.