Білім және ғылым

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе? Даудың түбі бір әріпте емес, тілдік нормада

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе? Даудың түбі бір әріпте емес, тілдік нормада

Қыркүйек айы келген сайын қазақ қоғамында бір ғана әріпке қатысты дау қайта өршиді: «қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Бұл жолы мәселе Үкіметтегі брифингте де көтеріліп, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзінің «қыркүйек» деп жазатынын айтты. Министрліктің жаңа ереже енгізбегенін де нақтылады. Меніңше, бұл жерде мәселені «қайсысы дұрыс?» деген қарапайым сұрақпен шектеу дұрыс емес. Негізгі проблема – қазақ тіліндегі орфография мен орфоэпияның арақатынасы және сол нормаларды қоғамға кім, қалай түсіндіретінінде. Десе де, оқу-ағарту министрі «қыркүйек» деп жазатынын айтты.
 
«Қыргүйек» қайдан шықты?
 
«Қыргүйек» нұсқасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Академик Рәбиға Сыздық бастаған тіл мамандары қазақ тіліндегі сөздердің айтылу заңдылығын жазуда да көрсету мәселесін көтерген. Рабиға Сыздық үнемі  шәкірттеріне «Қол қойды, қол қойды (қолғойдұ емес), шекара, шекара (шегара емес), қыркүйек, қыркүйек (қыргүйөк емес), көкөніс, көкөніс (көгөнүс емес) деп қақылдап тұрған журналистерді қалай тоқтатамыз деп алаңдағаны туралы жиі айтылады. 2001 және 2005 жылдардағы орфографиялық сөздіктерде «қыргүйек», «шегара», «көгөніс» тәрізді нұсқалар ұсынылды.  Мұндағы логика түсінікті: қазақ тілінде дыбыстар бір-біріне ықпал етеді. Мысалы, сөз ішінде к дыбысы белгілі бір фонетикалық ортада «г-ге» жуықтап айтылуы мүмкін. Яғни сөйлеу барысында «қыргүйек» тәрізді айтылымның болуы – тілдік заңдылықпен түсіндірілетін құбылыс. Бірақ осы жерде өте маңызды айырмашылық бар: айтылым мен жазылым – бір нәрсе емес.
 
Орфоэпия не үшін керек?
 
Орфоэпия – сөзді дұрыс айту нормасы. Орфография – сөзді дұрыс жазу нормасы. Екеуін толық теңестіру міндетті емес. Қазақ тілінің табиғи сөйлеуінде дыбыстардың бір-біріне ықпалы өте көп. Біз сөздерді әрдайым орфографиялық сөздікте тұрған қалпында дыбыстамаймыз. Мысалы, жазудағы тұлға мен ауызша айтылым арасында фонетикалық өзгерістер болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, «қыркүйек» деп жазып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес айтуға болады. Яғни жазудағы «к» әрпі айтылымда белгілі бір фонетикалық ықпалға түсуі орфографиялық қате дегенді білдірмейді.

Тіл мамандарының өздері де бұл мәселенің түп-тамыры орфоэпиямен байланысты екенін көрсеткен. Ғалым Нұркелді Уәлидің түсіндіруінде «қыркүйек», «шекара», «көкөніс» сөздерінің айтылуындағы дыбыстық ерекшелікті жазуда да көрсету мәселесі осыдан туындаған.
 
Ең қызығы – сөздіктердің өзі бірізді болмаған
 
Бұл жерде қоғамның шатасуын түсінуге болады. Себебі әр жылдардағы орфографиялық сөздіктердің өзінде екі нұсқа алма-кезек қолданылған.
 
2025 жылы жарияланған арнайы зерттеуде 1988 жылғы сөздікте «қыркүйек», 2001 және 2005 жылдары «қыргүйек», 2007 жылы қайтадан «қыркүйек», ал 2013 жылғы сөздікте тағы «қыргүйек» нұсқасы берілгені көрсетілген.
 
Демек, қарапайым мұғалімнің немесе ата-ананың:
 
«Бізге өмір бойы қыркүйек деп үйретті. Енді неге қыргүйек болып кетті?» деп сұрауы – заңды.
 
Мәселе халықтың тіл білмеуінде емес. Норманың өзі ұзақ уақыт бойы тұрақсыз болған. Ал қазіргі таңда қайсысын дұрыс деп қабылдаған жөн? Егер мәселені қазіргі жазу тәжірибесі, тілдік қолданыс және орфографиялық жүйенің тұрақтылығы тұрғысынан қарасақ, «қыркүйек» нұсқасының позициясы әлдеқайда мықты деуге негіз бар. Біріншіден, бұл нұсқа қазақ қоғамының ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жазу дәстүріне сүйенеді. Екіншіден, 2007 жылғы орфографиялық сөздікте «қыркүйек» нұсқасына қайта оралуының өзі «қыргүйек» формасының жазу тәжірибесіне толық орнықпағанын көрсетті. Үшіншіден, 2025 жылы жүргізілген ғылыми зерттеуде 367 респонденттің 87,2 пайызы «қыркүйек» нұсқасын таңдаған, ал «қыргүйек» нұсқасын 12,8 пайызы ғана қолдаған. Зерттеу авторы осыған байланысты «қыркүйек» жазылымын стандарттау қажеттігін ұсынады. Бұл, әрине, халықтың көпшілігі таңдаған нұсқа автоматты түрде ғылыми тұрғыдан дұрыс деген сөз емес. Бірақ тілдік норма мен нақты қолданыстың арасы тым алшақтап кеткенін көрсетеді.
 
Ең басты мәселе – мектептегі жағдай
 
Меніңше, қазіргі даудың ең қауіпті тұсы – екі нұсқаның бірін-бірі алмастыруы емес, мұғалім мен оқушыға нақты әрі бірізді ереже берілмеуі. Егер бір сөзді бір жерде «қате» деп түзетіп, басқа жерде мемлекеттік органның өзі сол сөзді басқаша жазса, оқушының алдында үлкен қайшылық пайда болады. Мысалы, министрліктің ресми ресурстарында да «қыркүйек» нұсқасының қолданылатыны айтылып жүр. Ал мектепте оқушыға «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» болуы міндетті деп түсіндірілсе, онда ең алдымен мектепті емес, нормативтік базаны реттеу қажет. Бұл жерде министрдің «мен қыркүйек деп жазамын» деген жеке ұстанымынан гөрі маңызды сұрақ: Қазақстанда қазіргі таңда қай орфографиялық норма міндетті және оны барлық мемлекеттік орган, оқулық, мектеп және БАҚ бірдей қолдануы керек? Мәселенің түйіні осында.
 
Орфоэпия орфографияны басқаруы керек пе?
 
Менің ойымша, әрқашан емес. Орфография тілдің жазба жүйесін тұрақтандыруы керек. Егер біз әрбір фонетикалық өзгерісті жазуға көшіре берсек, сөздердің графикалық тұлғасы үнемі өзгеріп отыруы мүмкін. Оның үстіне «қыркүйек» сөзінің екі сыңары да қазіргі тіл қолданушыға түсінікті: қыр + күйек. Ғалымдар да осы сөздің құрамдық, мағыналық ерекшелігін алға тартып, оны түбір тұлғасын сақтап жазуды қолдайды. Сондықтан орфоэпия «қалай айтылады?» деген сұраққа жауап берсе, орфография «қалай жазылады?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Бұл екеуінің арасында байланыс болғанымен, бірін екіншісінің толық көшірмесіне айналдыруға болмайды.

Тіл маманы Аягөз Айтқалидың пікірінше, «қыркүйек» сөзін «қыргүйек» деп жазуға көшірудің қажеттілігі түсініксіз. Оның өзі дәстүрлі нұсқаны ұстанып, «қыркүйек» деп жазатынын айтады.
 

«Өз басым қыркүйек деп жазамын. Жалпы мұндай өзгерістің неге керек екенін ұқпаймын. Мысалы, “хош”, “рахмет” деген сөздерде де х әрпінен қашып келеміз. Орфоэпия бойынша баланың миын ашытпаймыз деп осылай өзгерте беруге болмайды. Одан да халықаралық терминдерді қазақыландырайық», – дейді Аягөз Айтқали.

Бұл пікірдің астарында маңызды мәселе жатыр. Орфоэпиядағы өзгерісті автоматты түрде орфографияға енгізу міндетті емес. Сөздің айтылу ерекшелігі мен оның жазылу нормасы екі бөлек ұғым. Егер ауызша тілдегі әрбір фонетикалық өзгерісті жазуға түсіре берсек, қазақ тілінің жазба нормасы тұрақсыздануы мүмкін. Әсіресе мектеп оқушысы үшін бұл мәселе маңызды. Балаға бір кезеңде «қыркүйек» деп үйретіп, кейін «қыргүйек» деп түзету, ал мемлекеттік органдардың өздері бұрынғы нұсқаны қолдануы – тіл үйретуді жеңілдетпейді, керісінше, норманың өзіне деген сенімді әлсіретеді.

Аягөз Айтқалидың халықаралық терминдерге қатысты ұсынысы да назар аударуға тұрарлық. Қазақ тіліндегі ғылыми және технологиялық терминологияны жүйелеу, шын мәнінде, қоғам үшін әлдеқайда өзекті мәселе. Жаңа сөздің бір әрпін өзгерту арқылы жазу нормасын қайта қарағаннан гөрі, ғылым, медицина, IT, экономика және басқа салалардағы халықаралық терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына сай біріздендіру практикалық тұрғыдан маңыздырақ болуы мүмкін.

Сондықтан «қыркүйек–қыргүйек» мәселесінде басты сұрақ қай нұсқа әдемірек немесе айтуға ыңғайлы дегенде емес, орфографиялық норма қандай ғылыми принциппен белгіленуі керек дегенде жатыр.
 
Бір әріптің дауы емес
 
«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы – бір әріптің дауы емес. Бұл – қазақ тіліндегі нормативтік жүйенің қаншалықты тұрақты екенінің көрсеткіші. Қазіргі жағдайда «қыркүйек» нұсқасын негізгі жазылым ретінде орнықтыруға ғылыми әрі практикалық негіз жеткілікті. Ал ауызша тілдегі дыбыстық ықпалды орфоэпиялық норма арқылы түсіндіруге болады. 2025 жылғы зерттеу де «қыркүйек» нұсқасының қоғамдық қолданыста айқын басым екенін көрсетеді. Ең дұрысы – «қыргүйек жазған адам сауатсыз» немесе «қыркүйек жазған адам тіл білмейді» деген айыптаулардан бас тарту. Мәселені тіл мамандары ғылыми негізде біржола шешіп, бір ғана нормативтік нұсқаны бекітіп, оны мектептен бастап мемлекеттік органдарға дейін бірыңғай қолдануы керек. Өйткені тіл реформасының мақсаты – халықты жыл сайын бір сөздің жазылуына күмәндандыру емес, керісінше, тілдік норманы тұрақтандыру.

Барлық жаңалық