Жаңалықтар

Қарағандыдағы қылмыс: Оқиғаның мән-жайы айтылды

Қарағандыдағы қылмыс: Оқиғаның мән-жайы айтылды

Қарағандыда саяжай қоғамының бұрынғы төрағасы екі адамды атып өлтірді деген күдікке ілінді. Қаза тапқандардың бірі – кооперативтің қазіргі төрағасы, екіншісі – оқиғаға кездейсоқ куә болған 55 жастағы әйел. Бұл туралы Ozgeris.info сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қанды оқиға "Оптимист" саяжай қоғамынан шығар тұста болған. Алдын ала мәлімет бойынша, сол күні мұнда жарық бағандары мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілген.

Оқиға шамамен кешкі сағат 19:00-де болған. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол мойындау сипатындағы жауап берді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Қаза тапқан Иван Коровин саяжай қоғамына биыл маусым басында төраға болған. Тұрғындардың бірі оның кооперативтегі шаруаны реттеуге ерекше құлшыныспен кіріскенін айтады.

"Тәртіп орнатуға кірісті. Бізде құбыр жиі жарылатын, оларды ауыстырды. Слесарьлары жақсы жұмыс істеді, тіпті жұмыстан кейін де қалып жүрді. Көшелерді тазалап, ағаштарды ретке келтірді. Ол туралы жаман ештеңе айта алмаймын", – деді Владимир Едуков.

Дегенмен саяжай тұрғындарының пікірі екіге жарылған. Кейбірі жаңа төраға келгеннен кейін су мен басқа да коммуникацияларға қатысты мәселе туындағанын айтқан. Ал Светлана Романова есімді тұрғын ұсталған ер адамның мұндай әрекетке баруы мүмкін екеніне сенбейтінін жеткізді.

"Коровинді жақтырмайтындар көп еді. Ол кезінде заңгер болып жұмыс істеген. Біз Андрейдің мұндайға барғанына сене алмай отырмыз. Олардың арасында жанжал болған кезде де оны тоқтатуға тырысатынбыз. "Тиіспе" деп айтатынбыз", – деді ол.

Тұрғындардың айтуынша, "Оптимист" саяжай қоғамының бұрынғы және қазіргі төрағалары арасындағы дау үш жыл бұрын басталған. Тіпті екеуі соттасқан. Арадағы келіспеушіліктің негізгі себептерінің бірі төрағалық қызмет болғаны айтылады.

Полиция әзірге қылмыстың нақты себебін жариялаған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық