Қоғам

Жекеменшік мектептер хиджабқа рұқсат берсе, лицензиясынан айырылуы мүмкін

Жекеменшік мектептер хиджабқа рұқсат берсе, лицензиясынан айырылуы мүмкін

Қазақстанда жекеменшік мектептер де оқушылардың мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптарды сақтауы тиіс. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Министрдің айтуынша, елдегі мемлекеттік және жекеменшік мектептер үшін мектеп формасына қатысты ортақ талаптар бар. Бұған оқушылардың хиджаб кию мәселесі де кіреді.

«Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс істеуі керек. Жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат берілген жағдайлар болды. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әкімдіктер де тартылған», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің мәліметінше, өткен оқу жылында хиджаб киюге рұқсат берген мектептер анықталған. Олардың қатарында жекеменшік білім беру ұйымдары да болған, 

Алайда биылғы оқу жылының басында мұндай мектептер қалмаған.

Журналистер жекеменшік мектеп оқушыларына хиджаб киюге қайтадан рұқсат берген жағдайда қандай шара қолданылатынын сұрады.

Оған жауап берген министр мектептің лицензиясынан айыру шарасы қарастырылатынын айтты.

«Лицензиядан айыру. Бұдан бөлек, бірқатар басқа да тетіктер бар, оларды тиісті органдармен бірлесіп пысықтаймыз», – деді министр.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылғы 12 шілдеден бастап адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді, соның ішінде никаб киюге тыйым салынған.

Барлық жаңалық