Саясаттанушы Айбек Күмісбеков Президенттің алдағы Жолдауында бұған дейін айтылған бастамаларды іске асырудың нақты тетіктеріне басымдық берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Сарапшының пікірінше, ең алдымен энергетика, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және су салаларындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысты нақты шешімдер жариялануы ықтимал. Атап айтқанда, жобаларды қаржыландыру көздері, іске асыру мерзімдері және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақтылануы мүмкін.
«Меніңше, Жолдауда негізгі акцент бұған дейін Президент жариялаған міндеттерді іске асырудың нақты тетіктеріне жасалады. Әсіресе энергетика, көлік, ТКШ және су салаларындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаржыландыру көздері, мерзімдері мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне қатысты нақты шешімдер күтемін», – деді Айбек Күмісбеков.
Сондай-ақ саясаттанушы Конституцияға сәйкес заңнаманы жетілдіру мәселесі де Жолдаудың жеке блогына айналуы мүмкін деп есептейді.
Оның айтуынша, негізгі саяси шешімдер қабылданып қойған. Енді оларды іс жүзінде жүзеге асыру және заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету маңызды.
Бұдан бөлек, сарапшы жаңадан құрылған вице-президент институтына қатысты Президенттің нақты тапсырмаларына назар аударуға болатынын атап өтті.
«Бұл институт жаңа болғандықтан, вице-президентке қандай нақты бағыттар мен мәселелер бекітілетінін түсіну маңызды. Жарлықта жалпы өкілеттіктер белгіленген, ал Жолдауда нақты тапсырмалар берілуі мүмкін», – деді ол.
Айбек Күмісбековтің пікірінше, Жолдау негізінен бұрын қабылданған шешімдерді іске асыруға және Президент бұған дейін айтқан бастамалардың нақты механизмдерін айқындауға арналуы мүмкін.
Сонымен қатар саясаттанушы Халық кеңесінің алғашқы отырысын өткізу мерзімі де жариялануы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Жыл сайын Президенттің Жолдауы қыркүйектің басында өтеді. Биылғы Жолдаудың нақты күні әлі жарияланбады.