Танымал продюсер Баян Алагөзова желіде үлкен дау тудырған жазбасынан кейін ел алдына шығып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтуынша ол дінге емес, халықты құртатын радикалдарға қарсы.
"Діни фанатизм тақырыбындағы менің жазбам қоғамымызда үлкен резонанс тудырғаны соншалық, бұл тақырыпқа жалғасын жазуға тура келіп отыр.
Менің сөздерім діндар жандардың көңіліне тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын. Мен әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын. Алайда бұл басқа адамға зиянын тигізе бастағанға дейін ғана.
Екіншіден, мені «діндарлардың сезімін қорлады» деп айыптап жүргендердің барлығына айтарым: мұқият оқыңыздар. Мен діннің өзіне қарсы екенімді айтқан жоқпын. Мен өз халқымызға жат догмалардың таңылуына, радикалды әрі фанатикалық насихатқа қарсымын.
Талдау қабілеті бар кез келген адам сырттан келетін соқыр ықпалға ерудің қайда апаратынын түсіне алады.
Сіздер қыз балаларды 9 жасынан күйеуге беруді қалайсыздар ма?
Олардың білім алуына немесе медициналық көмек алуына тыйым салынғанын қалайсыздар ма?
Оларды «шайтанның ықпалынан қорғау» деген желеумен ұрып-соғуға болады деп ойлайсыздар ма?
Әйел алуға болады, бірақ оның алдындағы жауапкершілікті алуға болмайды деген түсінікті қолдайсыздар ма?
«Талақ» сөзін үш рет дауыстап айтып, әйелінен оңай бас тарта беруге болады дегенге келісесіздер ме?
Қызыңыздың немесе қарындасыңыздың жеке тұлға емес, біреудің жай ғана «қосымшасы» болғанын қалайсыздар ма?
Оның рұқсатсыз қоғам алдына шығуына немесе өз ойын айтуына мүмкіндік берілмегенін қалайсыздар ма?
Өзін және балаларын қорғай алатындай қарапайым құқықтарының болмағанын қалайсыздар ма?
Мен бұған КАТЕГОРИЯЛЫҚ ТҮРДЕ қарсымын!
Үшіншіден, мен әрдайым ӨЗІМІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ КОДЫМЫЗДЫ қорғап келдім және алдағы уақытта да осы ұстанымымнан айнымаймын!"- деп жазды ол.