Қоғам

Қырғызстанда қаза тапқан боксшыға қатысты тың дерек шықты

Қырғызстанда қаза тапқан боксшыға қатысты тың дерек шықты

8 шілде күні Ыстықкөлде боксшы Ибрагим Ирисматов қайтыс болды. Қазақстанның 22 жасқа дейінгі жастар құрамасының бас бапкері, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев BAQ.KZ тілшісіне 21 жастағы спортшының қазасына қатысты пікір білдірді.

Қазақстан құрамасының Ыстықкөлдегі оқу-жаттығу жиындары Азия чемпионатына дайындық аясында Сәрсекбаевтың басшылығымен өтті.

Оның айтуынша, марқұм оқу-жаттығу жиынына қатыспаған. Ол U-22 құрамасының жас шектеуіне сай келмеген.

Біз алдын ала жиынға шақырылатын спортшылардың тізімін бердік. Мен оны мүлде танымаймын, көрген де емеспін. Не сапқа тұрғызу кезінде, не спорттық базада, не тізімде болған жоқ. Ол демалыс уақытында шомылып жүрген. Сол кезде біздің құраманың жігіттерін көріп, бірге суға түскен. Бұл қоғамдық жағажайда болған жағдай. Су ішінде оны біздің жігіттер құтқаруға тырысты. Ол біздің құраманың құрамында болуы мүмкін емес еді. Бізде бәрі тізім бойынша, федерация арқылы тексеріледі. Спортшылар өз бетінше жиынға қатыса алмайды, – деп түсіндірді Бақыт Сәрсекбаев.

Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі де BAQ.KZ редакциясына марқұмның 6 шілдеде Ыстықкөлге өз қаражатына келгенін, оқу-жаттығу жиынына ресми түрде шақырылмағанын және басқа демалыс базасында тұрғанын хабарлаған болатын.

Барлық жаңалық