Астана қаласында өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауын шетелдік сарапшылар мен халықаралық байқаушылар жіті бақылауда. Олардың қатарында Филиппин Республикасы Сайлау комиссиясының Әкімшілік қызмет департаментінің басшысы Мария Вина Т.Замора да бар, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Шетелдік делегат елордадағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесінің заң талаптарына сай және тыныш жағдайда өтіп жатқанын атап өтті:
«Құрылтайдың алғашқы сайлауында байқаушы болу – біз үшін де тарихи сәт. Бүгін, төпелеп жауған жаңбырға қарамастан, сайлаушылар белсенділік танытуда. Түске дейін аралаған төрт учаскеде де дауыс беру барысы өте тәртіппен, тыныш өтті. Сайлау аяқталғанға дейін азаматтардың жоғары белсенділігі сақталады деп күтеміз. Осы уақытқа дейін қолданыстағы нұсқаулықтар мен Конституцияға қайшы келетін ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Учаске ішінде заңсыз үгіт-насихат немесе дауысты сатып алу сияқты әрекеттер байқалмады», – деді Мария Вина Т.Замора.
Сонымен қатар филиппиндік байқаушы сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жасалған жағдайларға жоғары баға берді. Оның айтуынша, көру қабілеті төмен жандарға арналған Брайль шрифті, партиялар турал ақпаратты тыңдауға арналған құрылғылар мен денсаулығына байланысты үйден дауыс беру мүмкіндігі Филиппин тәжірибесінде әлі кең қолданыла қоймаған.