📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстанға Ресейден қауіп бар ма? Қымбатшылық күтіп тұр ма? Ұлттық Банк басшысы не дейді?

Қазақстан экономикасы қатаң сынақ алдында тұр. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде ұстап қалды, бірақ басты қауіп сейілген жоқ. Ресейдегі инфляция өршіп барады, ал біздің импорттың үштен бірі дәл сол елден келеді. Бұл азық-түлік бағасын одан сайын шарықтатуы мүмкін. Оның үстіне қазақстандықтар тұтынушылық кредитті қаптап алып жатыр, ал банктерге мемлекет берген миллиардтар енді қайтарылып жатыр. Осындай жағдайда Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов «экономикада қарапайым нәрсе жоқ, кез келген өзгеріс бір салаға пайдалы болса, екіншісіне зиян тигізуі мүмкін» деп ескертті. Жалпы, қандай тәуекел бар? Осы сұраққа жауап ізейік, деп сараптайды Ozgeris.info.

Ресей инфляциясы Қазақстан экономикасына теріс әсер ете ме?

Ресейде инфляция қарқын алып барады. Көрші елдегі инфляция Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Ресей инфляциясының елдегі азық-түлік бағасына әсері бола ма? Бұл сұраққа базалық мөлшерлемеге қатысты өткен брифингте Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді.

«Қазіргі таңда сарапшылар Ресейде инфляция қарқын алады деп топшылап отыр. Ресей инфляциясының импорты Қазақстанға қалай әсер етеді? Қанша дегенмен біздің импорттың 30%-ы сол елден келеді», деді журналист.

Сүлейменов Ресейдің азық-түлік инфляциясына қатысты нақты есеп жүргізілмегенін айтты. Десе де, ол елдегі инфляциялық ахуалдың Қазақстанға қалайда әсері болатынын жасырмады.

«Сандар мәнінде нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ жалпы алғанда, әсері болады. Экономикада қарапайым нәрсе жоқ. Бұл күрделі құбылыс. Өйткені қандай да бір өзгеріс қаржылық салаға жақсы әсер етсе, ауыл шаруашылығына теріс әсер етуі мүмкін. Ал ауыл шаруашылығы үшін тиімді дүние, энергетика саласы үшін тиімсіз болуы мүмкін. Яғни экономиканың әр саласына әсері қандай болатынын бағамдап алу керек», деді Сүлейменов.

Осы орайда айта кетсек, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 14 770 долларға жетеді. Ал Ресейде бұл көрсеткіш – 14 260 долларды құрайды. Бұл өткен 2024 жылығы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл жылы Ресейдің жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі Қазақстаннан 4,6%-ға жоғары болған. Ал 2025 жылы Ресейдің жан басына шаққандағы долларлық ІЖӨ-сі 3,6%-ға қысқаруы мүмкін.

Бұл көрсеткіштер Қытайда да төмен болып шықты. Онда ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 13, 69 мың долларды құрады.

Кредит алғысы келетіндер...

Қазақстанда тұтынушылық кредит алу шарттары қатаңдай түспек. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, реттеуші орган бөлшек несиелеу нарығындағы «қызуды басуды» көздеп отыр. Жақын уақытта қарыз алушыларды бағалау тәсілі өзгереді: олардың төлем қабілетіне қойылатын талаптар күшейіп, бұрынғы мерзімі өткен қарыздар жаңа өтінімдерді мақұлдау кезінде маңыздырақ рөл атқарады.

«Қарыз жүктемесінің коэффициенті, қарыздың табысқа қатынасы сияқты басқа да құралдар енгізілуде. Бұл тұтынушылық кредит сегментіндегі шамадан тыс қарқынды төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ агенттік қарыз алушыларды, әсіресе кредитін кешіктіргендерді қатаңырақ бағалау шараларын енгізуді жоспарлап отыр», деп ескертті Тимур Сүлейменов.

Банктер мемлекетке алған қаржысын қайтара бастады

Қазақстан банктері мемлекеттен алған көмегін қайтаруға кірісті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бірнеше қаржы ұйымымен келіссөздер жүріп жатыр.

«Бұл өте жақсы бастамалар. Жақын арада басқа банктер де мемлекеттен алған көмегін қайтара бастайды. Қазір нақты атауларын айтпай-ақ қояйын, бірақ ондаған миллиард теңге көлемінде сома туралы сөз болып отыр. Банктер мемлекеттік позицияны түсініп, қолдау білдіріп жатыр», деді Сүлейменов.

Алғаш болып Bank CenterCredit мемлекеттен алған қарызын толық жапты. Банк жалпы 60 млрд теңге алған болатын. Оның ішінде:

                   2024 жылы – 20 млрд теңге,

                   2025 жылы – 10 млрд және 30 млрд теңгені қайтарды.

Осылайша, БЦК бағдарлама аясында алған барлық қаржысын мемлекетке толық қайтарған алғашқы банк атанды. Сонымен қатар RBK Bank те мемлекеттен алған 37,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыны қайтаратынын хабарлады. Ұлттық банк басшысы бұл үрдіс жалғасатынын, басқа да банктер мемлекет алдындағы міндеттемесін орындауға дайын екенін айтты.

Экономикада инфляциялық қысым сақталып отыр

Қысқамерзімді инфляциялық күтулер құбылмалы күйінде. Инфляцияның орнықты бөлігі біраз төмендегенімен, бәрібір де жоғары. Десе бас банкттің басшысы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, экономика жоғары қарқынмен өсіп келеді.

«Сұраныс ұсыныстан артып, бағаларға әсер етіп отыр. Сұраныстың жоғары деңгейде сақталып қалуына тұтынушылық кредиттеу қосымша себеп болды. Сыртқы жағдай саудадағы шектеулердің өсуі мен геосаяси шиеленіс жағдайында қалыптасуда. Әлемдік азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсіп келеді.

Осы факторлардың жиынтығы бағалардың өсуіне әкелді. Біз үшін инфляциялық күтулерді тұрақтандырып, инфляцияны төмендету – басым міндет. Сол үшін Ұлттық Банк ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын ұзағырақ сақтайтын болады. Проценттік саясатпен шектелмей, қатар қосымша шаралар кешені де маңызды рөл атқарады», дейді Сүлейменов.

Шешім қандай факторларға сүйеніп шығарылды?

Шілденің қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,8%-ды құрады. Сервистік инфляция едәуір төмендегенін көрсетті. Ол 16,1%-тік ең жоғары көрсеткішке жетіп, шілдеде 14,9% болды. Бұған тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің реттелетін бағасының өсім тұрғысынан тұрақтануы да, нарықтық инфляциясының баяулауы да ықпал етті.

«Бұған дейін тарифтік реформаны іске асыру қарқыны мен мерзімі бойынша Үкіметпен кеңесіп отырғанымызды атап өткенбіз. Тиісті шешім Үкімет тарапынан қабылданып, нәтижесі көп күттірмеді. Енді, міне, қызметтердің инфляцияға қосқан үлесі төмендей бастағанын көріп отырмыз. Азық-түлік инфляциясының өсуі жалғасуда, ол 11,2% деңгейінде қалыптасты. Оның себебі – ауылшаруашылығық өнімдері қымбаттап, басқа салаларда өндіріс шығындарына алып келді және импорт құнының өсуінен азық-түліктің көтерме бағасы өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 9,5%-ға өсті. Шілде айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін төмендеді, алайда ол әлі де жылдық орташа мәндерден жоғары қалыптасып отыр. Соңғы 10 жылда шілдедегі инфляция орта есеппен 0,4% деңгейінде болған. Базалық және маусымдық әсерден тазартылған инфляция көрсеткіштері де біршама төмендеді. Соған қарамастан, проинфляциялық қысымның сақталуы жағдайында көрсеткiштер әлі де ортамерзiмдi таргеттен айтарлықтай жоғары», деп түсіндірді бас банк басшысы.

Ал халықтың бір жылға арналған инфляциялық күтулері маусым айындағы 12,6%-тен 14,2%-ке дейін көтерілді, бірақ белгісіздік деңгейінің жоғары болуына байланысты құбылмалы болып тұр. Сондай-ақ бағаның өсуіне қатысты халықтың ұзақмерзімді күтулері де артты.  Кәсіби қатысушылар бағалауында барынша ұстамды болғанымен, олардың да болжамы өсу жағына қарай ығысып отыр. Яғни, 2025 жылға инфляцияның медианалық бағалауы 11,3%-ке, ал 2026 жылға 9,5%-ке дейін көтерілді.

Экономиканың ішкі ахуалының жайы қалай?

Былай қараасақ, экономикалық белсенділік артып келеді. Алдын ала деректер бойынша биыл қаңтар-шілде аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі жылдық мәнде 6,3%-ке дейін жеделдеді. Оған шикізатқа жатпайтын салаларда инвестицияның ұлғаюы, тұрақты тұтыну және мұнай секторының қалпына келуі әсер етті.

Көлік пен қоймада сақтау саласында белсенділік артты (22,5%). Ал құрылыс саласы (18,5%) өрге басты. Тау-кен өндіру (8,5%), өңдеу (6,1%) өнеркәсібінде және саудада (8,6%) да іскерлік белсенділік айтарлықтай өсіп келеді.

Дегенмен, экономиканың өндірістік мүмкіндіктері ішкі сұраныстың өсуін қамтамасыз ете алмай отыр. Инфляциялық қысым күшейіп, cұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық сақталуда.

«Тұтынушылық белсенділік ұлғайып келеді. Биылғы сәуірден бастап біз бөлшек сауда айналымының кеңейгенін байқап отырмыз. Алдыңғы айларда белгілі бір тұрақтанудан кейін ол шілде айында жылдық 6,6%-ті құрады. Ірі заттарды сатып алуға, мысалы, автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсетеді. Оған жеңілдік беретін көптеген бағдарламалары бар дилерлердің ұсынысы ықпал етті. Тұрғын үй сатып алуға байланысты мәмілелер сегментінде де жоғары белсенділік байқалады. Халықтың нақты табысының қысқаруынан, нақты жалақының өспеуінен жаппай тұтынушылық кредиттеуге сұраныс өсіп келеді. Бөліп төлеу, маркетингтік акциялар мен жоғары инфляциялық күтулер де соған себеп болып отыр», дейді Тимур Сүлейменов.

Инвестициялық белсенділік жоғары болып, биыл қаңтар-шілдеде 16,1%-ке өсті. Бұл өсім мемлекеттік және жеке инвестициялардың жандануынан орын алды. Сонымен қатар жыл басынан бері жалпы инвестициялар құрамындағы бюджеттік қаражаттың үлесі артқан. Ол 22,4%-ті құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.  

Сыртқы инфляциялық қысым әлі де бар

ФАО мәліметі бойынша, шілдеде азық-түлік бағасының индексі 130,1 тармаққа дейін көтеріліп, жыл басынан бері өсу үрдісін жалғастыруда. Ет пен өсімдік майының бағасы тарихи тұрғыдан жоғары деңгейде қалды. Бұл жағдай астық пен қант бағасының төмендеуін теңестірді.

Мұны Ұлттық банк төрағасы былай түсіндірді:

«Біздің ірі экономикалық серіктесіміз – Ресейге келер болсақ, онда инфляциялық қысым біршама бәсеңдеп, инфляция 8,8% болды. Осыған байланысты Ресей Банкі шілде айында негізгі мөлшерлемені 18%-ке дейін төмендетті, бірақ инфляцияны өздерінің нысаналы деңгейіне қайтару үшін жеткілікті қатаң саясатты ұзақ уақыт сақтау қажет екенін атап өтті. Ресейдегі баға өсімінің баяулауына қарамастан, Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық қысым әлі де сақталады. Оның ішінде рубльдің теңгеге қатысты берік бағамына байланысты. Дамыған елдерде инфляция таргетке жақындап келеді. Ол Еуроодақта 2,4%-ке дейін, АҚШ-та 2,7%-ке дейін баяулады. Ал реттеушілер саудадағы белгісіздік пен геосаяси тәуекелдер жағдайында саясат жүргізуде сақтық танытып отыр».

Еуропа орталық банкі таргетке жету фактісін алға тартып, ортамерзімді перспективада инфляцияны нысанаға келтіруді қамтамасыз ететініне сенімді. Федералды резервтік жүйе риторикасы біршама жеңілдеді. Алайда, сыртқы монетарлық жағдайлар мамыр айындағы алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда мөлшерлеменің баяу төмендеуі күтіліп отырған аяда сәл нашарлады. Бұған Федералды резервтік жүйенің таргетінен жоғары тұрған инфляция, АҚШ-тың сауда саясаты мен басқа елдердің қарсы шараларына байланысты тәуекелдер, сондай-ақ инфляциядан озып келе жатқан жалақы өсімі ықпал етті.

Мұнай нарығындағы жағдай әлі де құбылмалы. Сауда шектеулерінің енгізілуі мен экономикалық өсімнің баяулауы салдарынан энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс төмендеуі мүмкін деген қауіп пен ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтады деген күтулер бағаға қысым көрсетіп отыр.

Біздің базалық сценарийдегі ағымдағы шарттарды ескерсек, Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 60 доллар деңгейінде сақталды.  

          Қандай болжамдар бар?

Осы жылға арналған инфляция болжамы да нақтыланды. 2025 жылы инфляция 11-12,5% аралығында болмақ. Келесі жылдарға арналған болжам өзгерген жоқ: 2026 жылы баға өсімі 9,5–11,5%, ал 2027 жылы инфляция 5,5–7,5% деңгейіне дейін төмендейді.

Сонымен бірге инфляцияның тұрақты құрамдас бөлігі – яғни реттелетін бағалар, ЖЖМ (жанар-жағармай) және басқа да құбылмалы факторлар алынып тасталған инфляция – болжамдық кезең, яғни 2027 жылдың соңына қарай 5% нысаналы деңгейге жақындайды.

Инфляция болжамының тәуекелдері ішкі сұраныс тарапынан қысымның күшеюіне, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығына, сыртқы инфляцияның жеделдеуіне байланысты. Сонымен қатар, белгісіздік факторы ретінде реттелетін бағаларды, соның ішінде жанар-жағармайды реформалау қарқыны мен мерзімі, сондай-ақ инфляциялық күтулер мен инфляцияның тұрақты бөлігіне тигізетін жанама әсері қарастырылып отыр. 

«2025 жылға жалпы ішкі өнімнің өсу болжамы қалыптасқан инвестициялық белсенділіктің жоғары қарқынына және тұрақты тұтынушылық сұранысқа байланысты 5,5-6,5% аралығында жоғарылау жағына қайта қаралды. Кейінгі жылдардың болжамдары өзгеріске ұшырамады. 2026 жылға 4-5%. 2027 жылы экономиканың өсу қарқыны теңгерімді деңгейге жақындайды деп күтеміз.Жалпы ішкі өнім болжамының тәуекелдері Ұлттық қордан қаражат алуды төмендету жоспарын іске асырумен қатар фискалдық тәртіпті сақтауға, ішкі сұраныстың күшеюіне және басты экспорттық позициялар бағасының төмендеуіне байланысты», деді ол.

 

 

Барлық жаңалық