Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі жалпы депозит көлемі 48,9 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 234,6 миллиард теңгеге немесе 0,5 пайызға ғана өскен. Аталмыш мәселеге Finprom.kz сайты да тоқталып өткен.
Бір қарағанда өсім мардымсыз көрінуі мүмкін. Бірақ депозит нарығының ішкі құрылымына қарасақ, маңызды өзгеріс байқалады. Яғни, бұл жерде халықтың салымы көбейіп, бизнес депозиттері азайған. Демек осының өзі қазақстандықтардың «қаржылық мінез-құлқы» өзгеріп жатқанын көрсетеді, - деп жазады Оzgeris.info тілшісі.
Отбасы банк неге көш бастады?
Жыл басынан бергі ең үлкен өсімді Отбасы банк көрсетті. Банктегі салым көлемі 317 миллиард теңгеге өсіп, 3,5 триллион теңгеге жетті. Бұл шамамен 9,9 пайыздық өсім. Жылдық көрсеткіш те жаман емес. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, депозит көлемі 22,6 пайызға артқан. Әсіресе халық салымының өсуі назар аударарлық. Жеке тұлғалардың депозиттері жыл басынан бері 234,5 миллиард теңгеге көбейіп, 3,3 триллион теңгеге жетті.
Мұның басты себебі – Отбасы банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне мамандануы. Бұл банк қазақстандықтарға ақшасын жинап, кейін баспана алуға мүмкіндік беретін ерекше модельмен жұмыс істейді. Сонымен қатар ол тұрғын үйге қатысты бірқатар мемлекеттік бағдарламаның операторы саналады.
Бүгінде банкте 4 миллионнан астам депозит ашылған. Ал жұмыс істеген бүкіл кезеңінде 680 мыңнан астам несие берілген. Экономикалық белсенді халықтың 30,9 пайызы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысады. Яғни әрбір үшінші қазақстандықтың осы жүйеге қандай да бір қатысы бар деуге болады.
Осы жерде өте маңызды дүние бар: «халық ақшасын жай ғана сақтап отырған жоқ, нақты мақсатқа: баспанаға, болашағына, өмір сапасын жақсартуға жинап жатыр»
Kaspi Bank: цифрлық сенім капиталына айналып үлгерді ме?
Ал екінші орында Kaspi Bank тұр. Жыл басынан бері банктегі депозит көлемі 263,2 миллиард теңгеге өсіп, 8,2 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде халық салымы 7,3 триллион теңгені құрайды.
Kaspi-дің басты артықшылығы – цифрлық экожүйе. Көптеген қазақстандық үшін бұл банк күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Төлем жасау, аударым, сауда, несие, бөліп төлеу, мемлекеттік қызметтер – мұның бәрі бір қосымшада тұр. Сондықтан тұтынушының ақшасы да сол экожүйеде қалады әрі бәрі бір жүйеде болған кез келген адамға ыңғайлы. Бұл – қазіргі банк нарығындағы ең күшті факторлардың бірі. Бұрын адамдар банк таңдағанда көбіне пайыздық мөлшерлемеге қараса, қазір оның ыңғайлы болуы, жылдамдығы және сенім де шешуші рөл атқарады.
Freedom Bank өсімі нені білдіреді?
Үшінші орынды қазір «трендке» айналған Freedom Bank иеленді. Банктегі депозит көлемі жыл басынан бері 174,3 миллиард теңгеге артып, 1,6 триллион теңгеге жетті. Мұнда жеке тұлғалардың салымы 61,3 миллиард теңгеге өсіп, 943,6 миллиард теңге болды. Freedom Bank соңғы жылдары цифрлық ипотека, онлайн өнімдер және инвестициялық бағыт арқылы белсенді дамып келеді. Бұл оның депозит нарығындағы үлесін де күшейтіп отыр. Бұл банк мысалынан тағы бір үрдісті анық көруге болады. Ол – қазақстандықтар енді дәстүрлі банктен ғана емес, технологиялық тұрғыдан жылдам дамып жатқан қаржы институттарынан да сенімділік іздейтіні.
Нарықта өсім бәріне бірдей бұйыра бермес...
Ең маңызды жайт мынау: ірі он банктің ішінде депозит көлемін тек төрт банк қана арттыра алды. Олар – Отбасы банк, Kaspi Bank, Freedom Bank және Bank RBK.
Bank RBK депозиттері 22,5 миллиард теңгеге өсіп, 2 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде халық салымдары 53 миллиард теңгеге көбейіп, 855,8 миллиард теңге болды. Ал қалған ірі банктерде депозит портфелі жыл басымен салыстырғанда қысқарған.
Бұл нені білдіреді? Нарықтағы ақша бір банктен екінші банкке ауысып жатыр. Тұтынушылар да бұрынғыдай барлық банкке бірдей сенім арта бермейді. Олар нақты артықшылығы бар қаржы институттарын таңдап отыр деген сөз. Бірі – тұрғын үй жинағына маманданғаны үшін, бірі – цифрлық ыңғайлылығы үшін, бірі – жаңа қаржы өнімдері үшін тартымды.
Халық депозиті өсіп, бизнес салымы азайды
Жалпы алғанда Қазақстан банктеріндегі халықтың салымы 29,3 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,1 триллион теңгеге өскен. Ал бизнес депозиттері керісінше 842,5 миллиард теңгеге азайып, 19,6 триллион теңге болды.
Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың үлесі барлық депозит портфелінің 59,9 пайызына дейін өсті. Ал заңды тұлғалардың үлесі 40,1 пайызға төмендеді. Бұл – шындығында, өте маңызды өзгеріс. Себебі банк секторындағы депозиттердің негізгі тірегі барған сайын халық қаражатына ауысып барады.
Сараптамалық көзқарас
Біздің ойымызша, аталмыш жағдай Қазақстандағы үш үлкен үрдісті көрсетеді.
Біріншісі, халықтың жинақ жасау мәдениеті күшейіп келеді. Инфляция, тұрғын үй бағасы, экономикалық белгісіздік азаматтарды ақшаны алдын ала жоспарлап сақтауға итермелейді.
Екіншісі, банктер арасындағы бәсеке енді тек пайыздық мөлшерлемемен өлшенбейді. Клиент үшін сервис сапасы, мобильді қосымшаның ыңғайлылығы, мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділік және банктің беделі маңызды.
Үшіншісі, бизнес ақшасын депозитте ұстаудан гөрі айналымға көбірек бағыттап жатқан болуы мүмкін. Ол бір жағынан экономикалық белсенділіктің белгісі болуы ықтимал. Бірақ екінші жағынан, компаниялар үшін шығындардың өскенін немесе өтімділікке сұраныстың артқанын да көрсетуі мүмкін.
Отбасы банктің феноменінің мәні неде?
Отбасы банктің жоғары өсімі бөлек талдауды қажет етеді. Бұл банктің депозиттері қарапайым жинақтан гөрі әлеуметтік мақсатқа жақын. Адамдар мұнда ақшаны көбіне баспана алу үшін жинайды. Қазақстанда тұрғын үй мәселесі әлі де өткір. Сондықтан Отбасы банкке сұраныстың жоғары болуы заңды. Демек осының өзі халықтың ипотекаға, тұрғын үй бағдарламаларына және ұзақ мерзімді жинаққа тәуелділігі әлі де күшті екенін көрсетеді.
Басқалай айтсақ, Отбасы банк өсімі – банк секторының ғана емес, елдегі тұрғын үй нарығының да айнасы.
Алдағы уақытта не болуы мүмкін?
Егер пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталса, халықтың депозиті әрі қарай да өсуі мүмкін. Себебі депозит қазақстандықтар үшін ең түсінікті әрі қауіпсіз қаржы құралы болып қала береді.
Ал бизнес депозиттерінің төмендеуі жалғасса, бұл корпоративтік сектордың қаржы жағдайына қатысты қосымша сұрақтар туғызады. Компаниялар қаражатын инвестицияға жұмсап жатыр ма, әлде дәл қазір өзекті саналатын шығындарды жабуға мәжбүр ме – бұны алдағы айдағы деректер нақтырақ көрсетеді.
Банктер үшін басты міндеті – халықтың сенімін жоғалтпау. Себебі депозит нарығында «сенім» – ең басты капитал. 2026 жылдың алғашқы бес айы Қазақстанның депозит нарығында айқын қайта бөліну жүріп жатқанын көрсетті. Жалпы өсім небәрі 0,5 пайыз болғанымен, халық салымдарының артуы және бизнес депозиттерінің қысқаруы нарық құрылымын өзгертті.
Отбасы банк, Kaspi Bank және Freedom Bank клиент сенімін күшейтіп, депозит тарту бойынша алға шықты. Бұл банктердің әрқайсысының өз артықшылығы бар. Жаңа ғана мақала арасында атап өткендей, бірі тұрғын үй жинағы арқылы, екіншісі цифрлық экожүйе арқылы, үшіншісі жаңа қаржылық өнімдер арқылы өсіп отыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, қазақстандықтар ақшасын жай ғана жоғары пайыз үшін емес, нақты мақсат, ыңғайлы сервис және сенімді модель үшін орналастыра бастады. Бұл – банк нарығының жетіле түскенінің анық белгісі.