🏛️ Саясат

Қазақстанда мемлекеттік қызметте жаңа бақылау қызметі құрылмақ

Қазақстанда мемлекеттік қызметте жаңа бақылау қызметі құрылмақ

Қазақстанда құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа қызмет құрылуы мүмкін. Тиісті заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жаңа құрылым мемлекеттік органдардағы кәсіби этиканың сақталуын қадағалайды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарастырып, қажет болған жағдайда оларды сотта қорғаумен де айналысады.

Заң жобасында мемлекеттік қызмет саласына қатысты бірқатар өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, қызметкерлер үшін есірткі қолдануға қатысты медициналық тексерулер талаптары енгізіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылады.

Сонымен қатар еңбекақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу ұсынылған. Артық жұмыс уақытына, демалыс және мереке күндеріндегі еңбекке өтемақы төлеу кепілдіктері бекітіледі. Жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

Жүктілік кезеңіндегі әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға немесе науқас туысын күтетін қызметкерлерге толық емес жұмыс күні қарастырылады.

Тағы бір өзгеріс — басқа қалаға ауыстырылған мемлекеттік қызметшілердің балалары балабақшаға кезексіз қабылданады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке дайындық институтын енгізу жоспарланып отыр.

Барлық жаңалық