Жаңалықтар

Қазақстанда адам саудасымен айналысқан 39 қылмыстық топ ұсталды

Қазақстанда адам саудасымен айналысқан 39 қылмыстық топ ұсталды

Қазақстанда адам саудасына байланысты 39 қылмыстық факт тіркелді, оның алтауы – кәмелетке толмағандарға қатысты деп жазады Оzgeris.info. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

 

Мәліметке сүйенсек, «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды, соның ішінде балаларды қанауға бағытталған қылмыстық схемалар әшкереленген.

 

Алматы қаласында жаңа туған нәрестелерді сату схемасымен айналысқан топ анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер қиын жағдайға түскен жас әйелдерді баласын ақшаға беруге үгіттеген. Қазір барлық күдіктілер ұсталып, 20-дан астам қылмыстық іс тергелуде. Олар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Абай облысында адамдарды мәжбүрлі еңбекке тарту фактілері бойынша 11 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберуге дайындалып жатыр.

 

Шымкент қаласы мен бірнеше облыстағы түнгі ойын-сауық орындарын тексеру кезінде ересектер мен кәмелетке толмағандарды түрлі қанау формаларына тарту фактілері анықталды.

 

Елордада вокзал маңындағы рейд барысында сегіз адам сексуалдық қанауға арналған притондар ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

 

Ақмола облысында «рухани орталық» құрып, отбасылық құндылықтарға қарсы және ретсіз жыныстық қатынастарды насихаттаған діни топтың әрекеті тоқтатылды. Оқиға орнынан діни әдебиет пен ритуалдық заттар тәркіленді.

 

Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жас қыздарды түнгі клубтар мен барларда жұмысқа тартып, жезөкшелікке итермелеген топтардың әрекеті құжатталған. Істер сотқа жіберілді.

Барлық жаңалық