Жаңалықтар

«Қазақмыс» Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Қазақмыс» Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.

Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі шахталардың бірінде жұмысшылар мен «Қазақмыс» компаниялар тобының басшылығы арасында арнайы кездесу өтті. Кеншілер еңбек жағдайы мен материалдық-техникалық жарақтандыруға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтеріп, компания әкімшілігіне тікелей жүгінген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ашық әрі сындарлы диалог барысында тараптар кәсіпорын жұмыскерлерін толғандырған басты проблемаларды талқылады. Белгілі болғандай, жұмысшылар көтерген мәселелердің негізгі бөлігі жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болды. Компания өкілдері бұл олқылықтардың ұзақ жылдар бойы құрал-жабдықтарды жеткілікті деңгейде қаржыландырмау салдарынан туындағанын растады.

Айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар назарға алынып, белгіленген тәртіпке сәйкес одан әрі пысықтау үшін қарауға қабылданды.

Жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдаған компания басшылығы нақты қадамдарға баратынын мәлімдеді. Алдағы уақытта:

  • Жұмыскерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту;

  • Өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін барынша арттыру;

  • Осы мақсаттарға бағытталған инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оның іске асырылуын жеделдету көзделіп отыр.

Сонымен қатар, компания қолданыстағы корпоративтік тетіктер мен әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек ұжымымен өзара іс-қимылды жалғастыра беретінін атап өтті.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Жезқазған кеніші штаттық (қалыпты) режимде жұмыс істеп тұр. Барлық өндірістік үдерістер алдын ала бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

«Қазақмыс» компаниялар тобы еңбек ұжымымен ашық диалог орнату қағидатын ұстанады. Басшылық жұмысшылармен өзара байланысты кәсіпорынды дамытудың, еңбек қауіпсіздігін арттырудың және әлеуметтік жағдайды жетілдірудің ең маңызды элементі ретінде қарастырады.

Барлық жаңалық