Шығыс Қазақстан облысында қазақ тілін үйренуге ниетті балалар үшін тиімді әрі қызықты әдіс қолданылуда. Бұл – “Қонақ отбасы” атты жоба. Жобаның басты мақсаты – балаларды қазақ тілді ортаға енгізу арқылы тілді табиғи жолмен үйрету, деп жазады ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл бастама 2023 жылы қолға алынып, сол жылы Өскемен мен Алтай қалаларынан келген 67 бала Катонқарағай ауданындағы қазақ отбасыларында 20 күн тұрып қайтты. Балалар күнделікті тұрмыста тек қазақ тілінде сөйлесіп, арнайы сабақтарсыз-ақ тілді меңгеріп шықты. Нәтижесі таңғаларлық болды – балалар қазақша еркін сөйлей бастады.
2024 жылы жобаның ауқымы кеңейіп, 120 оқушы қатысса, биыл жазда олардың саны 140-қа жетті. Маусым айында 11–12 жастағы балалар Катонқарағай ауданындағы ауылдық қазақ отбасыларында жарты ай тұрып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен жақыннан танысты. Сонымен қатар, Шемонаиха ауданының Камышинка ауылына Зайсан мен Тарбағатай аудандарынан келген балалар барып, басқа өңірдегі балалармен араласып, достық байланыс орнатты.
Жобаға қатысқан Саша Борисов есімді оқушы әсерімен бөлісті:
– Басында біраз қобалжыдым, бірақ кеткім келмей қалды. Ешқандай сабақ болмағанымен, бәрін оңай меңгердім. Өйткені бәрі тек қазақша сөйлейді. Нұргүл апай сиыр сауғанда “сиыр сауу” деген сөзді үйрендім. Досым Жігер атқа мінген кезде – “атқа міну” екенін білдім. Апаймен бірге қазақша ет әзірледік, мен кеспе жасадым – “кеспе жасау”. Бешбармақтың басты тағам екенін, ал Катонқарағайда оған сарымсақ қосатынын үйрендім.
Сашаның анасы Марина Борисова да жобаға риза екенін айтты:
– Ұлым керемет әсермен оралды. Қазір жаңа достар тапты, күнде сөйлесіп тұрады. Ең бастысы – қазақ тілінде еркін сөйлей бастады. Қабылдаған отбасыға үлкен алғысымды білдіремін.