💰 Экономика

Қарызы көп азаматтарға несие беру шектелмек

Қарызы көп азаматтарға несие беру шектелмек

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың несие жүктемесіне бақылауды күшейтпек. Егер жаңа талаптар күшіне енсе, табысына сай келмейтін көлемде қарызы бар азаматтарға жаңа несие беру қиындай түсуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Табыстан 8 есе көп қарыз алуға жол жабылуы мүмкін

Қазақстанда халықтың шамадан тыс несие жүктемесін шектеуге бағытталған жаңа талаптар енгізілмек. Ұлттық банк 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің шекті деңгейін бекітуді жоспарлап отыр. Егер ұсыныс күшіне енсе, азаматтың жалпы қарызы оның бір жылдық табысынан 8 есе асып кеткен жағдайда жаңа несие беру шектелуі мүмкін.

Бұл өзгерістер Ұлттық банк әзірлеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттер туралы қаулы жобасы аясында қарастырылып жатыр. Реттеуші органның мәліметінше, жаңа тетік халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға, банктердің жауапты несие саясатын күшейтуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Әңгіме қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті – КБК туралы болып отыр. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың тамыз айынан бері мониторингтік режимде қолданылып келеді. КБК азаматтың барлық өтелмеген несиелері мен микрокредиттерін, сондай-ақ жаңадан алатын қарызын қосқандағы жалпы берешегінің оның жылдық табысына қатынасын көрсетеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл коэффициент адамның бір жылда табатын табысымен салыстырғанда қаншалықты қарызға батқанын анықтайды. Мысалы, азаматтың жылдық табысы 5 миллион теңге болса, оның жалпы қарызы 40 миллион теңгеден аспауы тиіс. Егер берешек осы межеден жоғары болса, банк жаңа несие беруден бас тартуы мүмкін.

Реттеуші орган автонесие, ипотека және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша КБК көрсеткішіне мониторинг жалғасатынын мәлімдеді. Алайда әзірге бұл несие түрлеріне жеке шекті мән енгізу жоспарланып отырған жоқ. Дегенмен Ұлттық банк қажет болған жағдайда қарыз түрлеріне қарай сараланған шектеулер белгілеуге немесе коэффициент деңгейін қайта қарауға құқылы екенін атап өтті.

Қаржы сарапшылары мұндай өзгеріс банктердің несие беру саясатын қатаңдатуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе бірнеше несиесі бар немесе табысы төмен азаматтарға жаңа қарыз алу қиындай түсуі ықтимал. Сонымен қатар бұл шара халықтың қаржылық тәртібін күшейтіп, табысқа сай қарыз алу мәдениетін қалыптастыруға әсер етуі мүмкін.

Банктер қарыз алушыларды қатаң тексере бастайды

Ипотекалық несие беру талаптары да қатаңдамақ. Енді екінші деңгейлі банктер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бұрынғыдан да мұқият бағалауға міндеттеледі. Бұл өзгеріс мерзімі өткен ипотекалық берешектердің көбеюіне байланысты қолға алынып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, басты мақсат – тәуекелі жоғары қарыз алушыларға несие беруді шектеу арқылы қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау.

Агенттік басшысы бұл өзгерісті «табысы төмен азаматтарға тыйым салу» деп қабылдамауға шақырды. Оның сөзінше, мәселе нақты бір шектеуде емес, банктердің тәуекелді басқару жүйесін күшейтуінде.

«Бұл нақты бір шектеу емес. Бұл – тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы іске асатын тетік. Банктер қарыз алушының табысын бағалап, оның төлем қабілеттілігіне қарай шешім қабылдауы тиіс», деді Мәдина Әбілқасымова.

Иипотекалық нарықта ай сайынғы төлемі табысына сәйкес келмейтін азаматтардың көбейгені байқалады. Әсіресе жоғары пайыздық мөлшерлемемен рәсімделген несиелер тәуекелді күшейткен. Кей азаматтар бастапқы кезде ипотеканы төлеп жүргенімен, уақыт өте келе табысының азаюы немесе басқа несиелердің көбеюі салдарынан төлемде қиындыққа тап болған. М.Әбілқасымова да осы мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, жалпы ипотекалық портфельдегі тәуекел деңгейі әзірге төмен болғанымен, 2020 жылдан кейін берілген ипотекалар арасында мерзімі өткен төлемдер саны артып келеді.

«Соңғы жылдары жоғары пайыздық мөлшерлеме кезінде берілген ипотекалар бойынша тәуекел көрсеткішінің артқанын көріп отырмыз. Сондықтан банктерге тәуекелі жоғары қарыз алушыларға несие бермеу жөнінде нақты талап қойылып отыр», деді агенттік төрағасы.

Бұл өзгеріс әсіресе нарықтық ипотека рәсімдегісі келетін азаматтарға әсер етуі мүмкін. Банктер енді адамның тек ресми табысын ғана емес, жалпы қаржылық жүктемесін, басқа несиелерін, ай сайынғы шығынын және төлем тәртібін де тереңірек талдайды. Соның салдарынан табысы тұрақсыз немесе несиелік жүктемесі жоғары азаматтарға ипотека алу қиындай түсуі ықтимал.

 

Барлық жаңалық