Қоғам

 Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 55 млн теңге айыппұл салынды

Қарағанды облысында экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін «Топар ГРЭС» кәсіпорнына 55 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Бас прокуратура ресми түрде хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Топар кентінде орналасқан кәсіпорын күл үйіндісін қайта қалпына келтіру (рекультивация) жұмыстарын жүргізгенімен, бұл жұмыстар тиісті экологиялық нормаларға сай болмаған. Қалпына келтіру барысында учаскелерді дұрыс суармау және оларды кезең-кезеңімен құрғатпау нәтижесінде ауаға шаң-тозаң тарап, қоршаған орта мен жергілікті халықтың денсаулығына зиян келтірген.

«Күл үйіндісін дұрыс өңдемеу  экологиялық қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу. Ауада шаң-тозаң мөлшерінің артуы  демікпе мен тыныс алу ауруларына әкелуі мүмкін», делінген прокуратураның мәлімдемесінде.

Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген мониторинг нәтижесінде, күл үйіндісін рекультивациялау жұмыстары рұқсат құжаттарынсыз жүргізілгені анықталды. Атап айтқанда, қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша рұқсат алынбаған, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаған.

Бұл Қарағанды облысындағы алғашқы экологиялық айыппұл емес. Бұған дейін Ақсу ферроқорытпа зауыты қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 855 миллион теңге айыппұл төлеген болатын.

 

Барлық жаңалық