Әлемге әйгілі актер Джеки Чан мен «Доспехи Бога: Ультиматум» фильмінің режиссері Роберт Кун жаңа кино жобасының түсірілімін Маңғыстау облысында өткізуді жоспарлап отыр. Ақтаулықтар қала ішінде шетелдік кино мамандарының жүргенін байқап, әлеуметтік желіде видео тарата бастады, деп хабарлайды Оzgeris.info Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Желіде жарияланған кадрлардан Джеки Чанның командасы қаладағы қонақ үйлердің біріне тоқтағанын көруге болады.
Видео авторы: «Ақтауға Джеки Чанның командасы келді» деп жазған.
Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы ресми түрде растады. Онда әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан мен режиссер Роберт Кун жаңа фильмнің негізгі түсірілім алаңы ретінде Маңғыстау облысын таңдағаны хабарланған.
«Әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан мен “Доспехи Бога: Ультиматум” фильмінің режиссері Роберт Кун жаңа киноны түсіретін негізгі алаң ретінде Маңғыстау облысын ресми түрде бекітті», — делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта шетелдік кино командасы Маңғыстау өңірін аралап, табиғи ландшафт пен инфрақұрылымды зерделеп жүр. Каспий жағалауы, ерекше географиялық рельеф пен тарихи нысандар «Доспехи Бога» фильмінің жаңа бөлімі үшін лайықты орын ретінде таңдалған.
Айта кетейік, бұл — Қазақстан үшін үлкен мәдени және туристік мүмкіндік. Әлемдік деңгейдегі кино жобаның Маңғыстауда түсірілуі өңірдің халықаралық имиджін арттырып, елге шетелдік назарды күшейтуі мүмкін.