Шоу-бизнес

"Мойнынан сүйгім келді": Пойызда бейтаныс қызға тиіскен әзілкеш көптің ашуын тудырды (ВИДЕО)

"Мойнынан сүйгім келді": Пойызда бейтаныс қызға тиіскен әзілкеш көптің ашуын тудырды (ВИДЕО)

Жайдарманшы Дархан Оспановтың жеке YouTube-арнасында шығатын «Шәй әңгіме» подкасының 51-шығарылымы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бағдарламаға кезінде танымал болған «Көз тимесін» командасының мүшелері Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонақ болып келген. Алайда подкаст барысында айтылған бір әңгіме қазақстандықтардың ашуын тудырып, желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Оzgeris.info.

Подкастта Айбек Байназаров бойдақ кезінде пойызда болған оқиғаны еске алған. Оның айтуынша, купеде бірге отырған бейтаныс қызға ұзақ уақыт қарап, кейін оған жақындамақ болған.

“Бір күні пойызда келе жатырмын, сөйтсем купеде бір қыз отыр екен. Бастапқыда ешқандай арам ойым болмады, бірақ әдемі екен деп ойладым. Заттардың бәрін жайғастырып, досыммен мейрамханаға барып ішімдік іштік. Купеге келдім, екінші қабатына көтеріліп жаттым да, жаңағы қызға қарасам, айдың жарығымен “алма” болып жатыр екен. Жарты сағат бойы қарап тұрдым. Неше түрлі ой кетті. Кейіннен оған қарай түсіп, мойнына жақындаған кезде “болмайды” деген дауыс шықты. Бірден төсегіме жатып ұйықтап кеттім. Ол да мені ұнатқан шығар, мүмкін қабылдап қалады деген ойым болды”, – деді ол.

Айтылған әңгіме желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік бұл жағдайды қорқынышты әрі жиіркенішті деп бағалап, қызға жасалған қысым мен алымсақтықты әжуалап жеткізуге болмайтынын жазды.

Желіде Ерке Әбіл есімді қолданушы да қатаң пікір білдірді.

«Біреудің саған аш көзбен қарағанының өзі — психологиялық жара. Кей қыздар қорыққанынан қозғала да алмай қалады. Мұны күлкіге айналдыруды қашан қоямыз?» — деп жазды ол.

Бұл пікірді өзге қолданушылар да қолдады: 

«Мүлде күлкілі емес», «Қорқынышты жағдайды қалыптыдай көрсеткен», «Ол қыздың не сезінгенін ешкім ойламады» деп жазды.

Оқиғаға байланысты танымал коуч Роза Әшірбаева да пікір білдіріп, бұл әңгіменің қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін ашып көрсеткенін атап өтті.

«Ұйықтап жатқан бейтаныс қызға жақындау — күлкі емес, бұл зорлық-зомбылыққа апаратын әрекет. Өкініштісі — мұны өзі күлкілі етіп жеткізіп отыр», — деді ол.

Желіде туындаған наразылықтан кейін подкасттың 51-шығарылымы YouTube платформасынан өшірілді.

Осыдан соң жобаның авторы Дархан Оспанов жұрттан кешірім сұрап, мәлімдеме жасады. Ол түсірілім барысында әңгіменің қаншалықты ауыр контекстке ие екенін аңғармай қалғанын айтып, мұндай жағдайдың норма емес екенін жеткізді.

Ал Айбек Байназаров та жазба жариялап, 20 жыл бұрынғы әрекеті үшін әлі күнге дейін өкінетінін және бұл әңгімені әзілге айналдырғаны үшін кешірім сұрады.

«Қыздардың қорқынышы мен жан айқайын құнсыздандырмауымыз керек. Барша қыздардан кешірім сұраймын», — деп жазды ол.

Барлық жаңалық