Түркістан облысында 17 жастағы қызды алып қашу дерегіне қатысты іс күтпеген сипат алды. Қоғамда үлкен резонанс туғызып, Мемлекет басшысының да назарын аударған бұл оқиғаға байланысты қамауға алынған күдіктінің анасы ресми нұсқамен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Күдіктінің анасы Зүлфия Елібаеваның айтуынша, аталған жағдайды күш қолдану немесе зорлық-зомбылық ретінде бағалау орынсыз. Оның сөзінше, бойжеткен жігіттің үйіне өз қалауымен, туыстарының келісімімен келген.
«Қыз әжесі мен әкесінен рұқсат алып келген. Біз оның жақындарын қарсы алып, қалыңмал ретінде 1,5 миллион теңге бердік. Кейін қыздың жасауы да жеткізілді», – дейді ол.
Сонымен қатар, Зүлфия Елібаева бұл істің артында материалдық себептер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың анасы да құқық қорғау органдарының назарында болған. Ол бұған дейін сотталып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылғанын атап өтті.
Айта кетейік, оқиға Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылында болған. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ретінде танылған жас жігіт уақытша қамауға алынған.