Астана қаласында өтіп жатқан «Қазақстан – академиялық білімнің территориясы» атты Стратегиялық серіктестер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды баяндамасын жасады, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Мемлекет басшысы білім мен ғылымның шекарасы жоқ, бүкіл әлемді біріктіретін стратегиялық маңызды салалар екенін атап өтті.
«Бүгінгі форум осының айқын дәлелі. Бұл ерекше алаң, мұнда құнды идеялар айтылып, жаһандық білім мен ғылымның даму болжамдары жасалады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, форум аясында әлемнің жетекші университеттерінің басшылары мен өкілдері қатысып, тәжірибе алмасуда. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар Астанадағы кездесулерде өзекті мәселелерді талқылап, білім мен ғылым саласындағы жаңа үрдістерді қарастырып жатыр.
«Білім мен ғылым әлемді өзгерте алатын қозғаушы күш. Университеттер алдыңғы қатарлы идеялар мен зерттеулер орталығы. Қазіргі кезде адамзат үлкен трансформация дәуіріне қадам басты. Сол себепті оқу орындары заман талабына сай болуы, өзгерістер ағысына ілесуі тиіс. Бұлсыз дамуға және прогреске жету мүмкін емес», – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанда білім мен ғылымның дамуына ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті. 2019 жылдан бері бұл саланың қаржыландыруы үш есе артқан, университеттердің дербестігі кеңейтіліп, зерттеу университеттерінің саны көбейген. Сондай-ақ, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданып, Президент жанында Ұлттық ғылым мен технологиялар кеңесі құрылған. Мемлекет жас зерттеушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі етіп қойған.
Форумға әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық рейтингтік және аккредитациялық агенттіктердің өкілдері қатысты. Атап айтсақ, Quacquarelli Symonds (QS), МГИМО, Пекин тіл және мәдениет университеті, Кардифф университеті, Вусонг университеті, МИФИ, Минерва университеті және тағы басқа оқу орындары өз тәжірибесін ортаға салды.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстан әлемдік білім мен ғылым қауымдастығымен белсенді байланыста болуға, заманауи стандарттарға сәйкес білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуға ұмтылуда.