Петропавл қаласында тыйым салынған KyzdarNet сайтының қызметіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тергеу мәліметінше, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі сайт арқылы делдалдық қызмет көрсетіп, заңсыз табыс тапқан. Олардың бір бөлігі IT саласындағы техникалық жұмыстармен айналысса, енді бірі интимдік қызмет ұсынатын әйелдердің анкеталары мен жарнамаларын орналастыруды ұйымдастырған. Әр жарияланған жазба мен жарнамадан тұрақты түрде пайда түсіп отырған.
Құқық қорғау органдары күдіктілерді ұстап, оларды қамауға алған. Істі қараған Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты барлық айыпталушыны кінәлі деп таныды.
Сот үкіміне сәйкес, топтың негізгі ұйымдастырушысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған бес қатысушының әрқайсысы сегіз жылға сотталды.
Іс материалдары жабық сот отырысында қаралғанымен, сот үкімі ашық түрде жарияланды.
Айта кетейік, бұл – Қазақстанда KyzdarNet сайтының қызметін ұйымдастырушыларға қатысты шыққан алғашқы сот үкімі. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.