Өскемен қаласының 28-ші шағын ауданындағы жер үйде ұзақ жанатын қазандық жарылды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД мәліметінше, жарылыс салдарынан үй ішіндегі бөлме аралық қабырға зақымдалған. Оқиға кезінде үйде 2017 жылғы қыз бала болған.
Қыз бала «Ана мен бала» орталығына жеткізілді. Медициналық тексеруден кейін дәрігерлер оны үйіне жіберді, денсаулығына қауіп жоқ.
Оқиға орнына Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов барды. Оның айтуынша, жарылыстың себебі – электр желілеріндегі ақаудан туындаған қазандықтың қызып кетуі.
«Бұл шағын ауданда электр желілеріндегі ақауды толықтай он күн ішінде жоюды тапсырдым. Оқиға кезінде үйде болған тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өміріне қауіп жоқ. Жағдай менің бақылауымда», – деді әкім.