Өскеменде 16 жастағы қыз баланы пышақтап кетті. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде биыл 7 ақпан күні Өскемен қаласы полиция басқармасының Үлбі бөлімінде 16 жастағы қыз балаға ауыр дене жарақатын салу дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 11-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сот сараптамалары тағайындалып, жүргізілуде.
«Күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Айта кетейік, облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың дәрігерлері ауыр халде ауруханаға жеткізілген кәмелетке толмаған пациентке шұғыл операция жасады. Қыз бала қабылдау бөліміне пышақ жарақатымен және артериялық қысымы өте төмен күйінде түскен.
Алғашқы тексеру барысында дәрігерлер іш қуысы мен сол жақ жоғарғы аяқ-қолында жарақат барын анықтады. Хирургтер іш қуысынан шамамен 3 литр қан кеткенін тіркеді. Ота 3,5 сағатқа созылып, нәтижесінде науқастың жағдайы тұрақтандырылды.