Сот отырысы елдің ұлттық телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Осылайша, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ель өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған 2024 жылғы желтоқсанда қысқа мерзімге әскери жағдай енгізу арқылы бүлік ұйымдастырды және билігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Айыптау актісіне сай, Юн Сок Ель бұрынғы қорғаныс министрімен және басқа тұлғалармен бірге Конституцияға нұқсан келтіруге бағытталған тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және соғыс немесе осыған ұқсас ұлттық төтенше жағдай болмаған кезде әскери жағдайды заңсыз жариялау үшін сөз байласқан.
– Қылмыстың сипаты ауыр, себебі ол ұлттық ұжымның мүддесі үшін ғана пайдаланылуы тиіс материалдық ресурстарды жұмылдырды, – деді арнайы прокурорлар тобы.
Қорытынды сөзінде Юн Сок Ель президенттің төтенше жағдай жариялау конституциялық құқығын жүзеге асыруды көтеріліс деп санауға болмайтынын алға тартқан.
– Бұл азаматтарды басып-жаншып отырған әскери диктатура емес, бостандық пен егемендікті қорғау және конституциялық тәртіпті қалпына келтіру әрекеті болды, – деді ол.
Айта кетейік, Юн Сок Ёль 2025 жылдың шілде айынан бері қамауда отыр.