Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында ол Қазақстан мен Ресей арасындағы өндіріс және инвестиция саласындағы қарым-қатынастарға тоқталды. Екі мемлекет арасында ірі жобаларды жүзеге асыру барысында жиі пікірталастар туындайды. Алайда қос тарап та әрдайым ортақ ымыраға келуге тырысады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Көршілес елдің басшысы Қазақстанмен байланыстың жоғары деңгейде әрі сәтті дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен бірге ол қазақстандық әріптестерін оңай серіктес емес деп атап өтті. Қаржылық байланыстар мен өндірістік қатынастарға қатысты әрбір мәселеде өте өткір пікірталастар өтеді. Инвестициялық қызметтің шарттары мен ірі жобаларды талқылау да оңайға соқпайды. Бірақ екі жақта да екі елді де қанағаттандыратын ортақ шешім табуға деген үлкен талпыныс бар. Бұл қадамдар ортақ мақсаттарға жетуге септігін тигізеді. Негізгі мақсат біреу ғана, ол қос мемлекет азаматтарының әл-ауқатын арттыру және экономиканы дамыту болып табылады.
Екі елді көпғасырлық тарих тығыз байланыстырады. Бұрын бірыңғай мемлекет құрамында болған кезден қалған белгілі бір артықшылықтар да бар. Бүгінде білім беру саласындағы жетістіктерді жалғастыруға деген қызығушылық өте жоғары. Қазақстандағы білім сапасы мен Ресейдегі жаңа үрдістер өзара ықпалдастықты қажет етеді. Бұған дейін қос мемлекет басшылары "Сириус" жүйесіиің жұмысын бастау рәсіміне бірге қатысқан болатын. Бұл бағдарлама дарынды балаларды іздеу мен оларға қолдау көрсетуде өзін жақсы қырларынан көрсетті. Қазақ топырағында қабілетті өрендер өте көп. Алдағы уақытта бірлескен жұмыстар осы талантты жастарды анықтауға бағытталады.
Ресей жетекшісі Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты жаңа ауқымды жобаны ерекше атап өтті. Ресей Президенті Қазақстанды дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие өте бай ресурстарға ие ел деп есептейді. Әсіресе атом станцияларына қажетті отын қоры жеткілікті. Бұл бағыттағы серіктестік өте сәтті жүріп жатыр. Меншікті ресурс базасына сүйене отырып және бірлескен әлеуетті дамыту арқылы Қазақстан энергетика саласында үлкен табыстарға жете алады. Елдегі қажетті электр энергиясының 20 пайызға жуығын осы атом электр станциясы арқылы алу көзделіп отыр. Осылайша энергетикалық ресурстарды әртараптандыру міндеті шешіледі. Қазіргі уақытта уран өндіру ісі бірлесе атқарылуда және бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады.
Қос мемлекет ғарыш әлемін игеру және машина жасау саласындағы бірлескен жұмыстарын алға қарай дамыта түспек. Сондай-ақ басқа да көптеген бағыттар бойынша байланыстар үзілмейді. Соның ішінде экология мәселелері де басты назарда болады. Бұл ретте шекаралас өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты өте маңызды прагматикалық сұрақтар қаралады. Бұл бағытта өте үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ресей басшысы жоспарланған барлық бастамалардың іс жүзінде толық орындалатынына сенім білдірді.