Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне тоқталып, елімізде жаңа өндірістер іске қосылып, бұрын Қазақстанда өндірілмеген тауарлар шығарыла бастағанын атап өтті деп хабарлайды Оzgeris.info.
Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беру міндетін айқындаған. Бұл бағытта нақты нәтижелер бар және олар жуырда Үкімет отырысында қаралған.
«Биыл бірқатар жаңа өндірістер іске қосылып, бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді», — деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, жыл соңына дейін келесі жылға арналған жаңа өнеркәсіптік жобалар тізбесін қалыптастыруды аяқтауды тапсырды. Жобаларды қаржыландыру инвесторлардың өзара міндеттемелері негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және Қаржы министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қоры мен Монополияға қарсы ведомствомен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу аясында отандық баламасы бар импорттық тауарларды алып тастау мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл шаралар отандық тауар өндірушілерді қосымша қолдауға бағытталған.
Премьер-министр сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде инвестиция көлемі, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігінің өсуі, локализацияны тереңдету, технологиялар трансфері, сондай-ақ экспорттық әлеует пен салық түсімдерін арттыру сияқты негізгі көрсеткіштерге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.