Жаңалықтар

Олжас Бектенов бюджет қаражатын тиімді игеруді тапсырды

Олжас Бектенов бюджет қаражатын тиімді игеруді тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатын уақтылы әрі тиімді игеру мәселесіне ерекше тоқталып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Үкімет басшысының айтуынша, барлық жоспарланған бюджет қаражаты тек бекітілген бағыттар бойынша бөлініп, пайдаланылуы тиіс.

 

«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері өз міндеттемелерінің орындалуына тұрақты түрде талдау жасап отыруы қажет. Егер бюджет қаражаты үнемделсе, ол қаржы неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағытталуы тиіс», — деді Премьер-министр.

 

Сонымен қатар Олжас Бектенов әкімдіктерге бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге пайдалануға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Алайда бұл ретте жобалардың қымбаттауына жол бермеу басты талап болып қала береді.

 

«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері барлық жобалардың шарттық сомалар шегінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Қосымша шығындарға жол берілмеуі тиіс», — деп нақтылады Үкімет басшысы.

 

Премьер-министрдің айтуынша, қабылданған шаралар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік жобаларды іске асыру барысында қаржылық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Барлық жаңалық