📰 Сарапшылар пікірі

Неге отандық өнім қытай тауарынан қымбат?

Экономист Руслан Сұлтанов отандық тауар неге қытай өнімінен қымбат екенін қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Дүкенге кірсең де, маркетплейсті ашсаң да қытай тауары арзан, ал өзіміздікі қымбат көрінеді. Тіпті жеткізумен бірге келсе де солай.

Экономистің айтуынша, мәселе елдің бай немесе кедей болуында емес. Мәселе өндірістің қалай құрылғанында. Қытай арзан ел болғандықтан емес, алып өндірістік жүйе құрғандықтан ұтады. Бір ғана қытай зауыты миллиондаған өнім шығарады. Ал бізде бір зауыт мыңдаған, ары кетсе ондаған мың дана ғана өндіреді. Көлем аз болған соң әр тауардың өзіндік құны жоғары болып шығады.

«Қытайдың басты артықшылығы бағада емес, ауқымда. Шикізатты көп көлемде алсаң арзанырақ түседі. Жабдық тәулік бойы тоқтамай жұмыс істейді. Барлық шығын үлкен партияға бөлінеді. Сондықтан бір тауардың өзіндік құны төмендейді. Мұнда арзан жұмыс күші емес, үлкен көлем шешуші рөл атқарады», деп түсіндіреді сарапшы.

Экономист тағы бір маңызды жайтқа тоқталады. Қытайда өндірістің ішкі тізбегі өте жақын орналасқан. Шампунь шығаратын зауыттың жанында бөтелке жасайтын кәсіпорын тұрады. Қаптама өндіруші сол индустриялық аймақта. Логистикаға артық шығын жоқ. Ал бізде шикізат та, тара да, қаптама да сырттан келеді. Соның бәрі ақыр соңында бағаға қосылады.

«Қытай экспортының артында да өз есебі бар. Қытай компаниялары экспортта кейде ең төменгі пайдамен сатады. Негізгі табысты ішкі нарықтан немесе үлкен көлемнен алады. Кейде экспорт тек зауытты тоқтатпау үшін керек. Ал отандық бизнес бұлай істей алмайды. Нарық шағын. Қор да аз. Әр өнім бүгін өз шығынын жабуы тиіс», дейді Руслан Сұлтанов.

 

Экономист отандық өнімнің қымбат болуын құрғақ арифметикамен түсіндіреді. Шағын партия болса өзіндік құн өседі. Шикізат импорт болса валюта тәуекелі бар. Ел ішіндегі логистика қымбат. Автоматтандыру деңгейі төмен. Тұрақты шығын әр өнімге көбірек түседі. Сондықтан отандық өндіруші ашкөз емес, ол жай ғана есептеп отыр.

Қытайдан арзан өндіре алған елдер бар ма деген сұраққа сарапшы ашық жауап береді. Вьетнам, Бангладеш, Үндістан кей салаларда арзан. Негізінен тоқыма мен қарапайым құрастыруда. Бірақ логистика әлсіз, сапа тұрақсыз. Олар Қытайды алмастырған жоқ, тек тар нишаларды алды. Ал Германия мен Жапония кейде жоғары технологияда Қытайдан арзан. Себебі роботтандыру мен өнімділік жоғары. Бірақ бұл жаппай тұтынатын тауар емес. Қазақстан туралы айтқанда экономист нақты сөйлейді:

 «Жаппай сегментте Қытайдан арзан болу мүмкін емес. Бірақ біз жақын бола аламыз, жылдам бола аламыз, сенімді бола аламыз, белгілі бір нишада сапалы бола аламыз. Отандық бизнестің күші бағада емес, жеткізу жылдамдығында, нарыққа бейімделуде, сервисте. Алдағы жылдары бұл жағдай өзгере қоймайды. Маркетплейстерде қытай тауары әлі де арзан болады. Ал жергілікті өнім қымбатырақ болады, бірақ оның бағасы адал есепке сүйенеді. Бұл отандық өндірістің әлсіздігі емес, бұл жаһандық экономиканың заңы», дейді Сұлтанов.

 

Барлық жаңалық