Жаңалықтар

Мас күйінде рөлге отырды ма: Таразда атышулы бейнежазбаға түскен полиция бастығына қатысты шұғыл шешім шықты

Мас күйінде рөлге отырды ма: Таразда атышулы бейнежазбаға түскен полиция бастығына қатысты шұғыл шешім шықты

Жамбыл облысында жоғары лауазымды тәртіп сақшысы ішкі істер органдарынан теріс себептермен қуылмақ. Әлеуметтік желілерде кеңінен таралған атышулы бейнежазба шенді қызметкердің мансабына нүкте қойды. Бұл оқиға Тараз қаласында таспаға түсірілген. Желі қолданушылары арасында бұл видеодан алынған скриншот суреттер де тарап жатыр. Бұл туралы ozgeris.info сайты хабарлайды.

Таспада патрульдік полиция қызметкерлері Сарысу ауданының әкімшілік полиция басқармасының бастығын тоқтатқаны анық көрінеді. Болжам бойынша жоғары шенді шенеунік рөлге мас күйінде отырған болуы мүмкін. Тәртіп сақшылары көлікті нақты кім басқарғанын тікелей сұраған кезде, ер адам қысқа қайырып "Сестренка" деп жауап береді.

Бұл жайт өңір тұрғындары арасында үлкен дүрбелең туғызды. Желі қолданушылары пікірлер бөлімінде мұндай келеңсіздіктің осы адам тарапынан бірінші рет қайталанып отырмағанын жарыса жазуда. Ресми түрде расталмаған мәліметтерге сүйенсек, осы оқиғадан кейін бейнежазба кейіпкері бірден еңбекке жарамсыздық парағын алып, ауруханаға кеткен көрінеді.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша арнайы қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Құзырлы орган заңға қайшы әрекет жасаған тұлғаның жақын арада ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылатынын ресми түрде мәлімдеді. Мекеме заң бұзушылықтар мен қызметтік тәртіптің сақталмауына қатысты қатаң ұстанымда екенін нақтылады. Заң алдындағы жауапкершілік атқаратын қызметке, шенге немесе лауазымдық мәртебеге қарамастан әркім үшін бірдей және міндетті түрде орындалады.

Барлық жаңалық