Қарызын уақытында жаба алмай жүрген адамдар аз емес. Біреу жұмыссыз қалады, біреу табысынан айырылып қиналады, енді біреу күтпеген жағдайда күрделі қаржылық қиындыққа тап болады. Бірақ көп адам кредит төленбей қалған кезде нақты қандай процесс жүретінін түсінбейді. Сол себепті үрей күшейіп, адам өз-өзін қоярға жер таппай жүреді. Осы мәселеге байланысты заңгер Рауан Есберген егжей-тегжейлі түсіндіріп, кім неге дайын болуы керектігін айтып берді, деп жазады Ozgeris.info.
Алдымен ол қарызды кешіктірген адам басынан өткеретін ең алғашқы қысымды атап өтті:
«Кредит төленбей қалса, ең алдымен қоңыраулар басталады. Тек өзіңді емес, ағайын-туысыңды да мазалайды. Бұл – адамға ең ауыр қысым. Бірақ мұндай жағдайдан қорғануға болады. Егер сіздің кредитіңіз бойынша бөтен адамдарға хабарласып мазалай бастаса, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым жазуға толық құқыңыз бар. Ал 3 ай өткен соң кредитор міндетті түрде құқықтық талап жібереді. Бұл – «сотқа береміз немесе нотариус арқылы шығарамыз» деген ескерту. Яғни, процесс заңды түрде басталады, одан қашып құтылу мүмкін емес».
Кредитті мүлде төлемей қоюдың салдары одан әрі күрделене береді. Банктер келісімшартқа сүйеніп, адамның барлық шотын бірден жауып тастай алады. Іс сот орындаушыға өткен кезде шектеулер күшейеді, айлықтан ұсталады, мүлікке тыйым салынады.
«Сот орындаушыға өткен кезде бүкіл шоттар жабылады. Жұмыс істесеңіз – айлығыңыздан ұстай бастайды. Атында дүние-мүлік болса, оған тыйым салынады. Қарыз сомасы үлкен болса, мүлікті сатып, кредитті өтеуге жібереді. Көп адам осыны білмейді. Тағы бір маңызды нәрсе – ешқашан гарант болмаңыздар. Біреудің кредитіне гарант болсаңыз, ол адам төлемей қалса, жауапкершілік толықтай сізге өтеді. Және шетелге шығуға тыйым, көлік жүргізу құқығын шектеу, нотариалдық әрекеттерге тыйым салу сияқты шаралар да қолданылады. Мұның бәрі – заңда бар процесс», дейді заңгер.
Көп адамда «төлей алмай қалсам не істеймін?» деген сұрақ туындайды. Бұл жерде де заңгер қорықпауды, әрбір жағдайдың өз шешімі барын айтады. Кредит төленбеген жағдайда соттың өзі де бірден жау емес, келісім үшін орын екенін еске салады:
«Сотқа беру деген – соттайды деген сөз емес. Бұл азаматтық іс. Сол жерде график жасап алуға болады, өсімпұлды азайтуға болады. Азаматтық кодекстің 297-бабында өсімпұлды төмендету мүмкіндігі бар. Егер табыс мүлдем болмаса, банкроттық бар. Тұрақты табыс бар, бірақ жүктеме ауырлап кетсе, төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі бар. Қорқудың қажеті жоқ. Мүлік кетсе кетсін, бастысы – өмір кетпесін. Кредитті жапқың келсе, ең бірінші – ақша табу. Ақша табу үшін адамның күйзелмегені керек. Сондықтан ең маңыздысы – өзіңді уайымға салмау».
Осы түсіндірмеден кейін бір нәрсе анық: кредит төленбей қалу – өмірдің соңы емес, бірақ немқұрайлы қарай салатын мәселе де емес. Әр қадамның өз тәртібі, өз салдары, өз шешім жолы бар.