Қаржы

Кәсіпкерлердің 44%-і табысын жасырды – Министрлік

Қазақстанда кәсіпкерлердің басым бөлігі табысын толық көрсетпейді. Ресми мәлімет бойынша, тіркелген бизнес иелерінің 44%-і нөлдік декларация тапсырып, кіріс жоқ деп есеп береді деп хабарлайды ozgeris.info сайты 24.kz сайтына сілтеме жасап. 

 

Сонымен қатар, шамамен 260 мың кәсіпкердің кассалық аппараты күніне бар болғаны бір ғана чек шығарады. Бұл деректер Алматыда өткен жаңа Салық кодексіне арналған түсіндірме жиында айтылды.

 

Іс-шараға 800-ден астам кәсіпкер қатысып, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов құжаттың негізгі жаңашылдықтарын таныстырды. Оның айтуынша, жаңа кодекс салықтық ашықтықты күшейтіп қана қоймай, бизнеске бірқатар жеңілдіктер де ұсынады. Мәселен, қазір салықты уақытында төлемегендерге банк шоты бұғатталса, келесі жылдан бастап бұл шара қолданылмайды. Сондай-ақ есепті кеш тапсырғаны үшін бұрын айыппұл салынса, алдағы уақытта тек ескерту беріледі.

 

Бұдан бөлек, бақылау жүйесі толықтай электронды форматқа көшіп, салық төлеу тәртібі жеңілдетілмек. Вице-министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес үшін арнайы салық режимі сақталады: мұндай кәсіпкерлер қосылған құн салығынан босатылады, жылдық табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін белгіленген, ал қолданыстағы мөлшерлеме – 4%. Дегенмен, жергілікті мәслихаттар бұл көрсеткішті 2%-ке төмендету немесе 6%-ке дейін көтеру құқығына ие.

Барлық жаңалық