Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жүздесті. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда басқосуда Владимир Путиннің елімізге жасайтын мемлекеттік сапары пысықталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Ресей президенті Астанаға 2026 жылдың мамыр айының соңында келеді. Қазақстан басшысы бұл сапарды биылғы жылдың ең басты оқиғасы деп атады. Мемлекет бұл шараға өте үлкен мән беріп отыр. Жүздесу барысында қазақ-ресей байланысының стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жүйелі дамып келе жатқаны ерекше аталды.
Ресейлік министр дайындық жұмыстарының барысымен бөлісті. Екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері үкіметтер мен сыртқы саяси ведомстволар деңгейінде жан-жақты қарастырылып жатыр.
Айта кететін жайт көршілес ел басшысының Астанаға сапары туралы алғаш рет осы жылдың ақпан айында белгілі болған еді. Бұған дейін сыртқы істер министрі Көшербаев қос мемлекеттің маңызды құжатты бекіткенін жеткізген болатын. Екі елдің ведомстволары қорытынды кездесуден кейін 2027-2028 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарын қабылдады.