🤖 Digital

ЖИ жарысы: әлем жаңа экономиканың іргетасын қалай қалап жатыр?

ЖИ жарысы: әлем жаңа экономиканың іргетасын қалай қалап жатыр?

Жасанды интеллект туралы әңгіме көбіне жаңа чат-боттар, цифрлық көмекшілер немесе күрделі алгоритмдер төңірегінде өрбиді. Алайда бүгінгі таңда технологиялық әлемдегі ең маңызды үдеріс зертханаларда емес, қаржы нарықтарында жүріп жатыр. Әлемнің ірі корпорациялары жасанды интеллекттің өзіне емес, оны жұмыс істететін инфрақұрылымға ондаған миллиард доллар инвестиция салуда, деп жазады Ozgeris.info.

EconomyKZ сарапшысы Алан Серіктің айтуынша, қазіргі кезеңдегі басты өзгеріс – жасанды интеллекттің технологиялық жаңалықтан экономиканың жаңа инфрақұрылымына айнала бастауы. Silicon Valley Bank Asset Management компаниясының 2026 жылдың екінші тоқсанына арналған есебі осы үрдістің ауқымын айқын көрсетеді. Құжатқа сәйкес, биылғы бірінші тоқсан АҚШ-тағы инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар нарығы үшін тарихтағы ең белсенді кезеңдердің біріне айналған.

Қаңтар айында жаңа облигациялар шығарылымының көлемі рекордтық 217 млрд долларға жеткен. Ақпан айында бұл көрсеткіш 193 млрд доллар болып, тарихтағы екінші ең жоғары нәтижені тіркеді. Тіпті наурызда Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюіне, мұнай бағасының қымбаттауына және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың артуына қарамастан компаниялардың қарыз тарту қарқыны бәсеңдеген жоқ.

Бұл жағдай көптеген сарапшыны таңғалдырды. Өйткені экономика баяулауы мүмкін деген болжамдар күшейіп тұрған шақта, пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталып отырған кезеңде және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің алдағы қадамдарына қатысты белгісіздік жағдайында компаниялар, керісінше, қарыз алуды көбейтіп жатыр.

Әдетте қымбат қаржы дәуірінде бизнес қарыз жүктемесін азайтуға тырысады. Бірақ қазір мүлде басқа көрініс байқалады.

Amazon-ның 37 млрд доллары нені білдіреді?

Бірінші тоқсандағы ең ірі мәміленің авторы Amazon болды. Компания 37 млрд доллар көлемінде облигация шығарып, тоқсанның рекордтық келісімін жүзеге асырды. Шығарылым бірден он бір транштан тұрған. Silicon Valley Bank Asset Management дерегінше, тартылған қаражат жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Алан Серіктің пікірінше, бұл көлемдегі инвестицияны жай ғана жаңа технологияға қызығушылық ретінде қабылдау қате.

«Бірнеше миллиард доллар жаңа өнімге, перспективалы технологияға немесе бизнестің жаңа бағытына салынуы мүмкін. Ал ондаған миллиард доллар туралы сөз болғанда жағдай өзгереді. Бұл жерде әңгіме технологияның өзінен гөрі болашақ экономиканың өндірістік базасын қалыптастыру туралы болып отыр», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дәл осы тұста кезекті технологиялық цикл мен нағыз индустриялық трансформацияның арасы ажырайды.

Жасанды интеллект дәуірінің темір жолдары

Көпшілік технологиялық революцияларды соңғы өнім арқылы қабылдайды. Интернет дәуірі браузерлер мен сайттар арқылы есте қалды. Смартфондар мобильді қосымшалармен байланыстырылды. Ал бүгін жасанды интеллект дегенде адамдардың ойына ChatGPT секілді тілдік модельдер мен цифрлық көмекшілер келеді.

Алайда кез келген технологиялық серпілістің алдында ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс кезеңі жүреді. Темір жол дәуірінде мыңдаған шақырым рельс пен станса салынды. Электрлендіру кезеңінде электр стансалары мен тарату желілері құрылды. Интернеттің дамуы үшін талшықты-оптикалық кабельдер мен серверлер қажет болды.

Қазір дәл осындай рөлді деректер орталықтары, есептеу қуаттары және жасанды интеллект модельдерін жұмыс істететін цифрлық инфрақұрылым атқара бастады. Сондықтан қазіргі инвестициялық толқын бағдарламалық өнімдерге емес, осы инфрақұрылымға бағытталып отыр.

Picture background

Amazon жалғыз емес

Есепке қарағанда, Amazon бұл үрдістегі жалғыз ойыншы емес. Бірінші тоқсанда Honeywell Aerospace компаниясы алғаш рет 16 млрд доллар көлемінде облигация орналастырды. Жалпы корпоративтік облигациялар нарығындағы белсенділік соншалық, сарапшылар 2026 жыл АҚШ корпоративтік қарыз нарығы үшін тағы бір рекордтық жыл болуы мүмкін деп болжап отыр.

Ең қызығы – капиталға сұраныстың негізгі драйверлерінің бірі дәл жасанды интеллект пен оған қатысты жобаларға салынатын инвестициялар болып отыр.

Компаниялар қаржы тапшылығынан емес, мүмкіндік үшін қарыз алып жатыр

Silicon Valley Bank Asset Management деректері инвестициялық деңгейдегі корпорациялардың капиталдық шығындары жаңа тарихи максимумдарға жеткенін көрсетеді.

Сонымен бірге бизнес табыстылығы да жоғары деңгейде қалып отыр. Компаниялардың пайыздар, салықтар, амортизация және тозу шығындарына дейінгі пайдасы (EBITDA) бір жыл ішінде 12 пайызға артқан. Ал табыстылық көрсеткіші рекордтық 31,3 пайызға жеткен. Бұл жерде маңызды жайт бар. Компаниялар ақша жетпегендіктен қарыз алып жатқан жоқ. Керісінше, олардың қаржылық жағдайы жақсы. Бірақ олар жасанды интеллект дәуіріндегі мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін инвестиция көлемін барынша ұлғайтуға тырысуда.

Облигациялар нарығы неге қорықпайды?

Қазіргі жағдайда инфляция қайта күшейіп келеді. Бұған мұнай бағасының өсуі әсер етуде. Сонымен қатар нарық АҚШ Федералдық резерв жүйесі биыл пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді деген болжамдардан біртіндеп бас тартып жатыр.

Мұнай бағасындағы өзгерістер мен геосаяси тәуекелдер инвесторлардың күтулерін қайта қарауға мәжбүр етті. АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі көтерілді, ал қарыз алу құны бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Соған қарамастан жаңа корпоративтік облигациялар легі тоқтаған жоқ. Бұл облигациялар нарығының жасанды интеллектке деген ұзақмерзімді сенімін көрсетеді.

Picture background

Акциялар күмәнданады, облигациялар сенеді

Бірінші тоқсан технологиялық компаниялардың акциялары үшін оңай кезең болған жоқ. Пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы мен инфляциялық тәуекелдердің күшеюі көптеген компаниялардың бағалауына қысым түсірді. Инвесторлар жасанды интеллект жобаларының нақты қайтарымы қашан байқалатынына күмәндана бастады.

Соның салдарынан технологиялық сектор акциялары тоқсанның аутсайдерлерінің қатарына енді. Акциялар нарығы «жасанды интеллект бумы қаншалықты тұрақты?» деген сұрақ қоя бастады.

Ал облигациялар нарығы мүлде басқа көзқарас танытып отыр. Ол жоғары мөлшерлемелер мен әлемдік белгісіздік жағдайында да соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруды жалғастыруда.

«Бұл корпоративтік сектордың жасанды интеллектіні қысқа мерзімді тренд ретінде емес, ұзақмерзімді даму бағыты ретінде қарастыратынын көрсетеді. Қаржы презентацияларға немесе жарнамалық науқандарға емес, нақты инфрақұрылымға бағытталып жатыр», дейді Алан Серік.

Бүгінгі инвестицияның нәтижесі ертең емес, он жылдан кейін көрінуі мүмкін

Әрине, бүгін құйылып жатқан миллиардтаған доллардың қаншалықты тез қайтарым беретіні әзірге белгісіз. Қай компаниялардың осы жарыстың басты жеңімпазына айналатынын да нақты болжау қиын. Алайда сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайды жай ғана технологиялық сән немесе алыпсатарлық толқын ретінде бағалау дұрыс емес.

«Қаржылық көпіршіктер де капитал тартады. Бірақ олар сирек жағдайда ондаған миллиард долларды және мұндай деңгейдегі корпоративтік баланстарды өзіне аудара алады. Сондықтан бүгінгі оқиға жасанды интеллект төңірегіндегі кезекті дүрбелеңнен гөрі жаңа экономикалық инфрақұрылымның құрылысын көбірек еске салады», дейді ол.

Сарапшының пайымдауынша, бүгін салынған деректер орталықтары, есептеу қуаттары мен цифрлық инфрақұрылымның нақты әсері келесі тоқсанда немесе келесі жылы емес, алдағы онжылдықтарда сезіледі. Сондықтан қазіргі инвестициялық бумның ең маңызды салдары технологиялық компаниялардың акция бағасында емес, болашақ әлемдік экономиканың құрылымында көрініс табуы әбден мүмкін.

 

Барлық жаңалық