🤖 Digital

Жалақыны «конвертпен» төлейтіндерді жасанды интеллект анықтайды

Жалақыны «конвертпен» төлейтіндерді жасанды интеллект анықтайды

Қазақстанда көлеңкелі еңбекақы төлеумен күрестің жаңа кезеңі басталмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «конвертпен» жалақы беретін жұмыс берушілерді анықтайтын арнайы жасанды интеллект жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа модель қызметкерлердің еңбек шарты мен міндетті зейнетақы жарналары туралы деректерді талдап, әр өңір мен мамандық бойынша орташа жалақы деңгейін есептейді. Жүйе тоқсан сайын жаңартылып отыратын осы көрсеткіштерді нақты кәсіпорындардағы төлемдермен салыстырады.

Егер компаниядағы жалақы көлемі белгілі бір мамандық үшін қалыптасқан деңгейден 50 пайыздан астам төмен болса, жүйе мұны күмәнді жағдай ретінде белгілейді. Мұндай жағдайда жұмыс берушінің жеке кабинетіне автоматты түрде ескерту жолданады.

Кәсіпорын 60 күн ішінде айырмашылықтың себебін түсіндіріп, негізді дәлел ұсынуы тиіс. Егер жауап берілмесе немесе түсініктеме жеткіліксіз деп танылса, мемлекеттік органдар қосымша шаралар қабылдауы мүмкін. Атап айтқанда, мұндай ұйымдар жоғары тәуекел тобына енгізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі шектелуі немесе мемлекеттік сатып алулардағы жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізілуі ықтимал.

Шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктер толық бақылауға алынады

Министрлік қолға алған тағы бір маңызды өзгеріс шетелде еңбек ететін қазақстандықтардың құқығын қорғауға қатысты. Қазір елімізде азаматтарды шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын 400-ге жуық жеке агенттік бар. Алдағы уақытта олардың қызметі толық цифрлық форматқа көшіріледі.

Осы мақсатта Migration.enbek.kz платформасында арнайы цифрлық тізілім іске қосылады. Жүйе арқылы агенттіктердің салық берешегі, сот шектеулері және басқа да маңызды мәліметтері мемлекеттік дерекқорлармен автоматты түрде тексеріліп отырады.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – жұмысқа орналастыру қызметіне қатысты барлық келісім енді тек осы платформа арқылы рәсімделеді. Бұл азаматтардан заңсыз комиссия алу, ауызша келісім жасау немесе бейресми қызмет көрсету тәжірибесін азайтуға мүмкіндік береді.

Министрлік мұндай тәсіл еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауды күшейтіп, делдалдар қызметін ашық етуге жол ашады деп есептейді. Айта кетейік, аталған өзгерістерді көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдаған. Құжатты әзірлеу кезінде Сингапур, Австралия, Ұлыбритания және Филиппиннің еңбек көші-қонын реттеу тәжірибесі зерттелген.

Барлық жаңалық