Жаңалықтар

"Үстімнен арыз жазамын деді": Бөпесін құшақтаған курьер ананың оқиғасы қалай аяқталды

"Үстімнен арыз жазамын деді": Бөпесін құшақтаған курьер ананың оқиғасы қалай аяқталды

Желіде сәбиін құшағына қысып, курьер болып жұмыс істеп жүрген ананың бейнесі тарап, көпшіліктің назарын аударған болатын. Қоғам белсенділері мен қарапайым халық оның тағдырына алаңдап, қаржылай көмек көрсетуге ниет білдірген еді. Алайда бұл оқиға күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алматылық блогер Алмат Несіпқалиев әйелді арнайы іздеп тауып, бірнеше күн қатарынан қол ұшын созуға тырысқан. Оның айтуынша ол алдымен келіншекпен кездесіп, ең қажетті заттарын апарып берген. Содан кейін оның рұқсатымен арнайы бейнематериал түсіріп, көпшіліктен қаражат жинауды жоспарлайды.

Түсірілім барысында блогер отбасының тұрмыс-тіршілігімен толық танысып, барлық құжаттары мен медициналық анықтамаларын мұқият тексерген. Бірақ дайын болған видеоны желіге жүктер сәтте келіншек қайырымдылықтан үзілді-кесілді бас тартқан.

Ол бұл шешімін мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқанымен түсіндірген. Қазіргі уақытта отбасы уақытша баспанамен қамтамасыз етілген және алдағы уақытта тұрақты жұмысқа орналастырылмақ. Бұған қоса ол егер түсірілген видео интернетте жарияланса, блогердің үстінен шағым түсіретінін қатаң ескерткен.

Осылайша бірнеше күн бойы уақытын бөліп, шынайы ниетпен жақсылық жасағысы келген азамат отбасының бұл шешіміне құрметпен қарап, тақырыпты түбегейлі жабуға мәжбүр болды. Желіні дүрліктірген «курьер ана» оқиғасына әзірге осындай нүкте қойылып отыр.

Барлық жаңалық