Қызылорда қаласындағы "Арай" ойын-сауық саябағында қайғылы оқиға тіркелді. Он тоғыз жастағы бозбаланың қос аяғы аттракцион дөңгелегінің астында жаншылып қалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде лезде тарап кетті. Ауыр жарақат алған жас жігіт оқиға орнында өте көп қан жоғалтқан.
Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шегушіні облыстық көпбейінді ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізді. Ақ халаттылар науқастың өмірін сақтап қалу үшін барын салды. Дәрігерлер амалсыздан оның сол жақ аяғын тізеден жоғары кесіп тастауға мәжбүр болды. Ал оң аяғы тобық тұсынан ампутацияланды. Қазіргі уақытта жарақат алған азамат медицина мамандарының қатаң бақылауында жатыр. Оның денсаулық жағдайы аса ауыр әрі тұрақсыз күйде қалып отыр.
Төтенше жағдайдан кейін "Арай" саябағына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар аттракционды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын жіті тексеріп жатыр. Полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты толық және объективті түрде анықтау мақсатында тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлім етті.