Жаңалықтар

Қостанай облысында атасы мен немересі іздестіріліп жатыр

Қостанай облысында атасы мен немересі іздестіріліп жатыр

Қостанай облысында Тобыл өзеніне батып кеткен ата мен немерені іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Қайғылы оқиға Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының маңында болған. Демалысқа шыққан отбасының алты жасар баласы өзен жағасында ойнап жүріп суға құлап кеткен. Қатты ағысқа тап болған немересін құтқармақ болған атасы бірден суға секіргенімен, екеуін де өзен ағысы алып кеткен.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жедел жәрдем мамандары жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық адам, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрондар тартылған. Қазіргі уақытта үш сүңгуірлер тобы өзен түбін тексеріп, жағалауды және су айдынын әуеден бақылап жатыр.

Құтқарушылар осы уақытқа дейін 32 мың шаршы метрден астам аумақты қарап шыққан. Алайда әзірге іздестіру нәтижесіз.

Қостанай облыстық ТЖД өкілдерінің мәліметінше, бала су жиегінде ойнап жүріп қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Немересін құтқаруға ұмтылған атасы да ағысқа қарсы тұра алмай, екеуі бірге суға кеткен.

Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге түспеуге шақырады.

Барлық жаңалық