Жақында Қаржы нарығын қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте тауар бағасына қатысты қызық ұсыныс айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, дүкендерде әр тауарға екі түрлі баға қойылуы керек: қолма-қол ақшаға алғандағы баға; бөліп төлеумен алғанда, үстемесі қосылған баға. Неге бұлай болуы қажет? Әбілқасымованың сөзінше, қазір көп тауар бөліп төлеумен сатылады. Бірақ осылайша төлем жасағандар артық ақша төлейді, ал бірден төлейтіндер де ұтылып қалады.
«Негізінде бүкіл тауарлар бөліп төлеумен сатылатындықтан, бірден төлейтін сатып алушы үшін тауардың бағасы жүз пайызды құрайды. Ол үшін баға іс жүзінде қымбаттап отыр. Сондықтан екі баға болуы керек», деді ол.
Яғни егер сіз тауарды бірден төлеп алсаңыз, оның бағасы бір бөлек көрсетілуі тиіс. Ал бөліп төлеумен алсаңыз, үстемесімен бірге нақты қанша төлейтініңіз бөлек жазылуы керек.
«Егер ол тауарды бірден алса – бір баға, ал бөліп төлеумен алса, оған қосымша қанша үстеме қосылғанын білуі тиіс. Дәл сол сияқты, несие алғанда да ол өзінің пайыздық мөлшерлемесін және жалпы артық төлемін нақты сомамен біледі», деп түсіндірді Әбілқасымова.
Қазір агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірге осы жүйені енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр.