Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы мен бірқатар облыста мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлық деректерінің жолын кесті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Биылғы жылдың басынан бері елордада, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуші куәлігін беру кезінде заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен Астана қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының бұрынғы орынбасары азаматтарға емтихан тапсыруға көмектесіп, жүйелі түрде пара алып келгені белгілі болды. Құзырлы орган өкілдері оның жалпы сомасы жүз миллион теңгеден асатын алпыстан астам заңсыз әрекетін әшкереледі.
Бұған қоса Көкшетау және Екібастұз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдарының басшылары да қылмыстық іске ілікті. Олар емтихан тапсырушылардың орнына басқа адамдарды кіргізуді ұйымдастырып, сол қызметі үшін ақшалай сыйақы алып отырған.
Жемқорлық деректері тек көлік жүргізу құқығын берумен шектелмеген. Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы аталған мемлекеттік корпорация бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және бұғаттауларды алып тастау кезінде өз құзыреттерін теріс пайдаланып, заңсыз байыған.
Қазіргі уақытта осы аталған фактілердің барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес іске қатысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.