Қазақстанда маусым айында мұнай өндірісі қайтадан қарқын алып, рекордтық деңгеймен теңесті. Бұл туралы Reuters агенттігі сенімді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Басылым мәліметінше, елдегі ең ірі кен орны – Теңіздегі өндірістің өсуі негізгі қозғаушы күш болған, деп жазады Ozgeris.info.
Chevron басқаратын Теңіз кен орнында маусым айында тәулігіне 953 мың баррель мұнай өндірілді. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 140 мың баррельге жоғары. Ел бойынша жалпы шикі мұнай өндірісі 1,88 млн баррельге жетіп, наурыз айындағы рекордпен теңесті. Бұл көрсеткіш ОПЕК+ аясында Қазақстанға белгіленген 1,5 млн баррельдік квотадан едәуір артық.
Мұнай мен газ конденсатының жиынтық өндірісі де өсім көрсетіп отыр – маусымда тәулігіне 2,15 млн баррельге жетіп, мамырдағы 2,02 млн көрсеткішінен асып түсті.
Мұндай серпін Қазақстанның жылдық жоспарды асыра орындауына әкелуі мүмкін. Reuters ҚазМұнайГаз деректеріне сүйене отырып, республика биылғы мұнай өндірісі жоспарын шамамен 2%-ға артық орындайды деп болжайды. Бұған Каспий теңізі маңындағы кен орындарында жүргізілген жаңғырту жұмыстары әсер еткен.
Алайда бұл өсім ОПЕК+ ұйымында алаңдаушылық тудырып отыр. Агенттік жазуынша, Қазақстан соңғы айларда өндіріс квоталарын жиі асыра орындап жүр. Мұндай жағдай кейбір мүше елдердің наразылығына себеп болған. Ұйым нарықтағы үлес үшін күресте тәртіп бұзған елдерді төмен баға арқылы «жазалауға» тырысып жатыр.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан үкіметі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына салынатын баж салығын бірден 5 долларға көтерген. Бұл қадам экспорт көлеміне және баға саясатына әсер ететіні анық.