ОПЕК+ ұйымы мұнайды артық өндірген елдерге 2026 жылдың шілдесіне дейін тәулігіне 4,8 миллион баррель мұнай өндірісін қысқартуды міндеттеді. Бұл шешім мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтау және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған, деп жазады Ozgeris.info.
Қазақстанға ең көп міндеттеме жүктелді. Еліміз 2026 жылдың маусымына дейін кезең-кезеңімен тәулігіне 2,63 миллион баррель мұнай өндірісін қысқартуы тиіс. Негізгі жүктеме 2026 жылдың алғашқы жартысына түспек. Қаңтарда тәулігіне 100 мың баррель, ақпанда 300 мың баррель мұнайды азайту қажет. Наурызда 450 мың, сәуірде 490 мың, мамырда 550 мың және маусымда 650 мың баррель көлемінде қысқарту жоспарланған.
Ирак артық өндірген мұнай көлемін өтеу үшін тәулігіне 1,4 миллион баррельге тең өндірісті кезең-кезеңімен төмендетеді. Бұл елде қысқарту кестесі бірқалыпты, ай сайын 122-130 мың баррельге азайту жеткілікті.
Ресей 2025 жылдың соңына дейін тәулігіне 311 мың баррель мұнай өндірісін қысқартпақ. Біріккен Араб Әмірліктері тәулігіне 309 мың баррельге, Оман 2026 жылдың наурызына дейін 70 мың баррельге, Кувейт 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 59 мың баррельге төмендетуі тиіс. Ал Алжир мен Сауд Арабиясында артық өндіріс тіркелмеген, сондықтан олар белгіленген квотаны сол қалпында сақтайды.
Бұл шешім мұнай нарығындағы ұсынысты реттеуге бағытталған. Бұған дейін ОПЕК+ тобы 2025 жылдың қазан айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 137 мың баррельге арттыру туралы келісімге келген еді. Жаңа талаптар әлемдік бағаға да, мұнай экспорттаушы елдердің бюджетіне де әсер етуі мүмкін.