Жаңалықтар

«Достық» құбыры тоқтады: Ресей мамыр айында қазақ мұнайын өткізуден неге бас тартты?

«Достық» құбыры тоқтады: Ресей мамыр айында қазақ мұнайын өткізуден неге бас тартты?

Қазақстанның Германияға бағытталған мұнай экспорты уақытша кедергіге тап болды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мамыр айынан бастап Ресей аумағы арқылы өтетін транзиттің тоқтайтынын мәлімдеді. Бұл шешім «Достық» мұнай құбырының солтүстік тармағымен Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жөнелтілетін шикізатқа тікелей қатысты болып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz ке сілтеп.

Министрдің сөзінше, көршілес ел тарапынан әлі ресми мәлімдеме жасалмағанымен, бейресми дереккөздер транзиттің тоқтатылғанын растаған. Осылайша, мамыр айында «Атырау — Самара» құбыры арқылы еуропалық бағытқа жөнелтілуі тиіс мұнай көлемі нөлдік көрсеткішке түсті. Қазіргі таңда бұл жағдайға Ресей тарапындағы техникалық мүмкіндіктердің жоқтығы себеп ретінде алға тартылуда.

Энергетика саласының басшысы бұл шешімді Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдармен байланыстыруы мүмкін екенін жасырмады. Құбыр бойында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындауы ықтимал. Дегенмен, министр техникалық түйткілдер шешілген бойда қазақ мұнайының транзиті қайта жанданатынына сенім білдірді.

Бұл жағдай Қазақстанға қарағанда Германиядағы зауыт үшін көбірек қиындық тудыруы мүмкін. Себебі аталған кәсіпорынның шикізатқа деген сұранысының 20–30 пайызын дәл осы қазақстандық мұнай өтеп келген болатын.

Ал еліміз үшін бұл шектеу мұнай өндірісінің азаюына әкеп соқпайды. Министрлік өкілдері экспорттық бағыттарды әртараптандыру арқылы мамыр айындағы мұнай көлемін баламалы жолдармен таратуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл шектеу тек бір айға, яғни мамырға ғана қатысты деп болжануда.

Барлық жаңалық