Соңғы бес жылда Halyk Bank акциялары Қазақстан қор нарығындағы ең табысты бағалы қағаздардың біріне айналды. Осы аралықта банк акциясының құны шамамен 190 пайызға өсіп, инвесторларға қомақты табыс әкелді. Алайда кейінгі айларда қағаз бағасы 365-375 теңге аралығында саудаланып, айтарлықтай қозғалыс көрсетпей келеді. Осыған байланысты көптеген инвестордың көкейінде заңды сұрақ туындады: акция өсімі тоқтады ма, әлде бұл уақытша үзіліс қана ма?
Қарқын бәсеңдеді ме?
Кез келген акцияның бағасы ең алдымен компанияның қаржылық жағдайына байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Halyk Bank әлсіздік танытып отыр деуге негіз жоқ. Керісінше, банк елдегі ең ірі қаржы институты мәртебесін сақтап келеді. Қаржыгер Тұрар Әбдидің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында банктің таза пайдасы 1,058 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 14,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Алайда 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы есеп нарық күткендей әсер қалдырмады. Банктің таза пайдасы 234,8 млрд теңгені құрап, бір жыл бұрынғы деңгейден 14,6 пайызға төмендеген.
«Өткен жылы Halyk Bank өте жоғары қарқын көрсетті. Бірақ биылғы алғашқы тоқсанда белгілі бір салқындау байқалды. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Ұлттық банк ең төменгі резервтерге қойылатын талаптарды күшейтті. Сонымен қатар бөлшек несиелеу нарығындағы өсім де баяулады. Соның нәтижесінде банк маржасына қысым түсті. Дегенмен мұны түбегейлі нашарлау деп қабылдауға болмайды. Әңгіме бұрынғы рекордтық өсім қарқынының біршама баяулауы туралы болып отыр», дейді сарапшы.
Шын мәнінде, нарықты алаңдатқан нәрсе пайданың азаюы емес. Инвесторлар соңғы бірнеше жылдағы аса жоғары өсімнің жалғасын күтті. Ал жаңа есеп бұл кезеңнің аяқталып келе жатқанын аңғартқандай болды.
Дивиденд негізгі артықшылық болып қала ма?
Halyk акцияларының тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі – тұрақты дивиденд. Биыл мамыр айында акционерлер әр акцияға шаққанда 30,10 теңге көлемінде дивиденд алды. Қазақстан нарығындағы көптеген компаниямен салыстырғанда бұл жоғары көрсеткіш саналады. Бұдан бөлек, банк жарғысына енгізілген өзгерістер де инвесторлардың назарын аударды. Жаңа ереже дивидендті жылына төрт ретке дейін төлеуге мүмкіндік береді.
Әзірге мұндай тәжірибе ресми түрде бекітілген жоқ. Дегенмен нарық бұл жаңалықты оң қабылдады. Себебі тұрақты ақшалай төлем көптеген инвестор үшін акция бағасының өсуінен де маңызды болуы мүмкін.
«Қазір Halyk акциясына қызығатын инвесторлардың басым бөлігі оны алыпсатарлық құрал ретінде емес, дивидендтік актив ретінде қарастырады. Банк тұрақты табыс тауып отыр, акционерлермен пайдасын бөлісіп келеді. Сондықтан көптеген инвестор дәл осы факторға сүйенеді. Әсіресе ұзақмерзімді стратегия ұстанатын азаматтар үшін дивиденд маңызды рөл атқарады», дейді Тұрар Әбди.
Арзан акция ма, әлде әділ баға ма?
Қаржы нарығында компанияның бағасын анықтау үшін түрлі көрсеткіш пайдаланылады. Соның ішінде ең кең тарағандарының бірі – P/E және P/B коэффициенттері. P/E көрсеткіші компанияның нарықтағы бағасы оның жылдық пайдасынан неше есе жоғары екенін көрсетеді. Ал P/B акция бағасының компания капиталына қатынасын білдіреді. Қазіргі таңда Halyk акциясының P/E коэффициенті шамамен 3,9 деңгейінде, ал P/B көрсеткіші 1,09 шамасында қалыптасқан. Бір қарағанда мұндай көрсеткіштер акцияның арзан екенін білдіретіндей көрінеді. Мәселен, АҚШ немесе Еуропа нарығында мұндай коэффициенттер көбіне бағаланбай жатқан компанияларға тән. Алайда сарапшылар мұндай салыстыруды абайлап жасау қажет екенін айтады.
«Көпшілік шетелдік нарықтағы өлшемдерді біздің нарыққа тікелей қолдануға тырысады. Бұл әрдайым дұрыс бола бермейді. Қазақстан дамушы нарық санатына жатады. Сондықтан мұндағы бағалау деңгейі АҚШ-тағы немесе Еуропадағы қаржы институттарынан өзгеше. Halyk акциясының қазіргі мультипликаторлары оның өте арзан екенін емес, біздің нарықтың ерекшелігін көрсетеді», дейді қаржыгер.
Инвесторлар нені ескеруі керек?
Қор нарығында жаңадан жүрген адамдардың жиі жіберетін қателігінің бірі – акция бағасы күн сайын өсуге тиіс деп ойлау. Шын мәнінде нарық әрдайым бір бағытта қозғала бермейді. Кейде ұзақ өсімнен кейін белгілі бір кезеңде тыныстап, бұрынғы өсімді «қорытады». Қаржы тілінде мұндай жағдай консолидация немесе «боковик» деп аталады. Қазір Halyk акциясында дәл осындай кезең байқалып отыр.
«Көпшілік акция сатып алған соң бірден өсім күтеді. Бірақ инвестицияның табиғаты басқа. Соңғы жылдары Halyk акциясы өте жоғары қарқынмен өсті. Сондықтан қазіргі тұрақтану кезеңі қалыпты құбылыс саналады. Біздің бағалауымызша, жақын айларда қағаз бағасының 400 теңгеден айтарлықтай жоғары көтерілу ықтималдығы төмен. Бірақ бұл компанияның әлсірегенін білдірмейді», дейді Тұрар Әбди.
Сарапшының пікірінше, инвестор ең алдымен уақыт көкжиегін дұрыс анықтауы қажет.
«Нақты инвестиция дегеніміз – кем дегенде бес жылдық көзқарас. Өкінішке қарай, бізде акцияны екі-үш ай ұстап, өсім болмаса сатуға асығатындар көп. Ал сапалы бизнеске инвестиция салған адам қысқа мерзімді құбылысқа алаңдамауы керек. Осындай кезеңде компания бұрынғы өсімді қорытып, дивиденд төлеп, жаңа мүмкіндіктер жинақтайды», дейді ол.
Сарапшы қазіргі таңда Halyk акциясына қатысты HOLD, яғни «ұстап тұру» стратегиясын қолдайды. Оның пікірінше, ұзақмерзімді портфель қалыптастырып жатқан инвесторлар акцияны бірден үлкен көлемде сатып алуға асықпағаны жөн. Оның орнына DCA стратегиясын, яғни белгілі бір мерзім аралығында шағын көлеммен кезең-кезеңімен сатып алу тәсілін қолданған тиімді.