Жаңалықтар

Рюкзактағы бір тал оқ: Астаналық жігіт әуежайда ұсталып сотталып кете жаздады

Рюкзактағы бір тал оқ: Астаналық жігіт әуежайда ұсталып сотталып кете жаздады

Астана қаласының 22 жастағы тұрғыны әуежайдағы тексеру кезінде күтпеген жағдайға тап болды. Жігіт Алматыға ұшуға қамданып барған кезде оның рюкзагының қалтасынан бір тал оқ табылған. Осы оқиғадан кейін сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады деп айыптап бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл қауіпті бұйым оның қолына осыдан тура бір жыл бұрын түскен екен. Елордалық тұрғын ескі оқты ЛРТ құрылысы жүріп жатқан аумақтан тауып алған. Ол бұл затты болашақта бейнетүсірілімдер үшін реквизит ретінде пайдаланармын деген оймен сөмкесіне салып қояды. Алайда уақыт өте келе оны мүлдем ұмытып кеткен.

Істі зерттеу барысында азаматтың бұл оқты тікелей мақсатында қолдануға, біреуге табыстауға немесе сатуға мүлдем ниеттенбегені анықталды. Оның жанынан ешқандай қару тәркіленген жоқ. Сондай-ақ қоғамға тигізген ешқандай зиянды салдары тіркелмеген.

Осы негіздемелерге сүйенген кассациялық сот іс-әрекеттің аса елеусіздігін алға тартып қылмыстық құрамның жоқтығынан істі біржола тоқтатты. Судья жас жігіттің бойында ешқандай қылмыстық пиғыл болмағанын және айналасындағыларға зиян келмегенін ескерді. Бас прокуратура да жоғарғы инстанцияның бұл шешімімен толықтай келісті.

Барлық жаңалық