💰 Экономика

Жасөспірім жұмысқа қалай орналасады?

Жасөспірім жұмысқа қалай орналасады?

Жазғы демалыс басталысымен көптеген оқушы мен студенттің ойына бір сұрақ келеді: «Жұмыс тауып, өз ақшамды табуға бола ма?». Бұрын жазғы демалыс тек тынығу маусымы саналса, бүгінде жағдай өзгерген. Қазір жастардың бір бөлігі еңбек нарығына ертерек араласуға тырысады. Бірі жаңа телефон алуды көздейді, бірі оқу ақысын жинағысы келеді, енді бірі ата-анасына салмақ салмауды ойлайды. Кейбірі болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін тәжірибе іздейді. Сондықтан да жасөспірім жұмысы туралы қажетті ақпаратты білу маңызды. Бұл туралы hh.kz платформасы керек кеңес берді, деп жазады Ozgeris.info.

Соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жастардың еңбекке ерте араласу үрдісі күшейіп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, көптеген елде мектеп қабырғасында жүріп жұмыс тәжірибесін жинаған жастардың кейін тұрақты қызмет табу мүмкіндігі жоғары болады. Себебі алғашқы жұмыс адамға тек ақша табуды емес, жауапкершілік алуды, уақытты басқаруды, ұжыммен жұмыс істеуді үйретеді.

Жастарға қандай жұмыс ұсынылады?

Қазақстандағы жұмыс іздеу платформаларының мәліметіне қарағанда, жаз мезгілінде жастарға арналған бос орындар саны айтарлықтай көбейеді. Әсіресе тәжірибесі жоқ студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған тағылымдамаларға сұраныс жоғары. Жұмыс берушілер көбіне жастарды маркетинг, әлеуметтік желі жүргізу, контент дайындау, клиенттерге қызмет көрсету, банк саласы, call-орталықтар, адам ресурстарын басқару және ақпараттық технологиялар бағыттарына қабылдайды.

Сонымен қатар бариста, даяшы, сатушы, кассир, промоутер секілді қызметтер де жаз айларында жиі ұсынылады. Бұл жұмыстар арнайы тәжірибені талап етпейді әрі икемді кестемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Балалар лагерлері, фитнес орталықтары, шығармашылық студиялар мен ойын-сауық орындары әкімші көмекшілерін де жиі іздейді. Мұндай жұмыс жастарға адамдармен тіл табысуды, ұйымдастыру қабілетін дамытуды үйретеді.

Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулерінде мектеп немесе колледж қабырғасында еңбек тәжірибесін жинаған жастардың кейін жұмыссыз қалу қаупі төмен болатыны айтылады. Сарапшылар мұны еңбек нарығына ерте бейімделудің нәтижесі деп түсіндіреді.

Заң не дейді?

Көп ата-ана баласының жұмыс істеуіне заң рұқсат бере ме деген сұрақ қояды. Қазақстан заңнамасы жасөспірімдердің еңбек етуіне мүмкіндік береді, бірақ нақты талаптар сақталуы керек. Еңбек кодексіне сәйкес азамат 16 жастан бастап еңбек шартын өз бетінше жасай алады. Ал 15 жастағы жасөспірім негізгі немесе жалпы орта білім алған жағдайда жұмысқа орналасуға құқылы.

14 жастан бастап та жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл жұмыс сабақтан бос уақытта атқарылуы керек және денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс. Мұндай жағдайда еңбек шарты ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен рәсімделеді. 14 жасқа толмаған балалар тек театр, кино, цирк секілді шығармашылық салаларда ғана еңбек ете алады.

Заң жасөспірімдерді қосымша қорғауды да қарастырған. Мысалы, 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ал 16-18 жас аралығындағылар үшін шекті уақыт – 36 сағат. ьОларды түнгі жұмысқа тартуға, іссапарға жіберуге, үстеме жұмыс істетуге болмайды. Ауыр жүк көтеруге де шектеу қойылған. Ең бастысы – еңбек шарты болуы керек. Кейде жастар «қолма-қол ақша береміз» деген ұсынысқа келісіп жатады. Бірақ құжатсыз жұмыс істеу кейін жалақыны ала алмауға немесе еңбек құқығын қорғай алмауға әкелуі мүмкін.

Алғашқы жұмыстағы ең жиі қателіктер

Жұмыс берушілердің айтуынша, көптеген жас үміткер бірдей қателік жібереді:

  • Біріншісі – резюме дайындамау. Кейбір оқушы немесе студент тәжірибесі жоқ болғандықтан резюме де қажет емес деп ойлайды. Шын мәнінде жұмыс беруші адамның тәжірибесінен бұрын оның жауапкершілігін бағалайды. Сондықтан оқыған мектебі, еріктілік қызметі, олимпиадасы, хоббиі көрсетілген қарапайым резюме де үлкен артықшылық бере алады.
  • Екінші қателік – күмәнді хабарландыруларға сену. Әлеуметтік желілерде жұмыс берушінің аты-жөні көрсетілмеген, міндеттері түсініксіз, бірақ жоғары жалақы уәде етілген ұсыныстар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сақ болған жөн.
  • Үшінші қателік – шынайы емес күтулер. Кейбір жастар аптасына бірнеше сағат жұмыс істеп, жоғары табыс тапқысы келеді. Бірақ еңбек нарығында мұндай мүмкіндік сирек кездеседі. Алғашқы жұмыс көбіне тәжірибе мен дағды жинауға бағытталады.
  • Төртінші қателік – ата-анамен ақылдаспау. Мамандардың пікірінше, кәмелетке толмаған азамат жұмыс таңдағанда міндетті түрде ата-анасының пікірін тыңдауы қажет. Өйткені үлкендер қауіпсіздікке, жұмыс жағдайына және заңдық мәселелерге көбірек мән береді.

Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа мүмкіндік

Соңғы жылдары жастар еңбек нарығына мүлде басқа кезеңде қадам басып отыр. Бұрын тәжірибе негізгі талап саналса, қазір цифрлық дағдылардың маңызы артты. Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, алдағы жылдары еңбек нарығында цифрлық сауат, деректермен жұмыс істеу, контент жасау, жасанды интеллект құралдарын пайдалану секілді қабілеттерге сұраныс өседі.

Сондықтан мамандар алғашқы жұмысты тек табыс көзі ретінде қарамауға кеңес береді. Егер жасөспірім әлеуметтік желі жүргізуді, бейнемонтаж жасауды, бағдарламалауды немесе графикалық дизайнды үйренсе, бұл кейін әлдеқайда жоғары табыс әкелетін кәсіби артықшылыққа айналуы мүмкін. Шын мәнінде алғашқы жұмыс адамның өміріндегі алғашқы жалақыдан да маңызды. Ол еңбекке деген көзқарасты қалыптастырады. Ақшаның қалай табылатынын түсіндіреді. Жауапкершілік пен тәртіпке үйретеді. Сондықтан жазғы жұмыс іздеп жүрген жастарға ең басты кеңес – тез ақша іздеуден бұрын дұрыс тәжірибе іздеу. Себебі алғашқы табыс жұмсалып кетеді. Ал алғашқы тәжірибе өмір бойы қалады.

 

Барлық жаңалық